Рашид Обаевқа

Сәкен театрының  ақиық актері

Мен Кеңесті танығаныма, әріптес болғаныма 35 жыл бопты. Ең бастысы ол азамат, екіншіден өнер тарланы, үшіншіден драматург, әрі мықты ұйымдастырушы, өте-мөте қабылетті басшы. Осы қасиеттерді бойға сіңіріп, оны алып жүру екінің бірінің қолынан келмесі тағы ақиқат. Оның өзге актерлерден тағы бір артықшылығы қазақ театры тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізіп, облыс театрларынан бірінші болып, Сәкен театрын биік белеске көтеруі еді. 1986 жылы С.Жүнісовтің «Өліара» қойылымы және бас кейіпкер Ленин бейнесін келістіре сомдағаны үшін Кеңес бастаған бес адам мемлекетіміздің ең жоғарғы наградасы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Тағы бір ерлігі соноу 1991 жылдары театр күрделі жөндеуге жабылып, біраз актер Ақмола мен Павлодар театрларына ауысқан кезеңде, ол он адаммен қалып, өзі алғаш бет пердесін ашқан театрын тастап кеткен жоқ. Соның арқасында /осы 10 адамның арқасында/ театр шаңырағы шайқалып барып, қайта қалпына келді. Бүгінде Сәкен театры қандай да бір биік белеске көтеріліп жастса, оған арыстай азаматтың қосқан үлесі шексіз екені риясыз шындық. Оның үстіне Кеңес ағамыз театрда он жылдай директор болды. Осы жылдар ішінде театр ұжымы алғаш рет шет елдерге шығып, театрдың бет-пердесі анық айқындалып, бірнеше халықаралық, республикалық және аймақтық фестивальдерге қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Театр құрамы жас таланттармен толығып, өнері өрлей түскені айқын. Бүгінде театрда еңбек етіп жүрген біраз жастардың томағасын сырырып, ағалық ақылын айтып, үлкен өнер додасына салды. Олардың алды қазақстанға белгілі өнер саңлағы атанып отыр.

Қазақ театры өнерінде шоқтығы биік, әлеуеті зор азаматтар бүгінде саусақпен санарлық қана. Оның ішінде сексен жылдам астам тарихы бар Қарағанды сынды шаһардағы қазақ драма театрында аға буын өкілдерінің көш басында тұрған да белгілі өнер сардары, халқы танып, елі мойындаған актер ҚР еңбек сіңірген артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Нарымбайұлы Жұмабеков екендігі бүкпесіз шындық. Небәрі 20 жасында /1968 ж./ театр табалдырығын аттаған шикі сары жігіт, бүгінде самайын қырау шалып, ақыл, парасат-пайымы толысқан, даналыққа жеткен театрдың ақылман ақсақалдарының бірі атанып отыр. Батыс Қазақстан өңіріндегі Шалқар көлінің жағасындағы балықшы ауылының тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Нарымбай қарттың шаңырағында дүние есігін ашыпты. Жастайынан қозы-лақ, бұзау бағып еркін, қиялшыл болып өскен азамат болашақта актер болам деп армандағанды. Бірақ, ол мақсатына жетер-жетпесі белгісізді. Дей тұрса да, алған бетінен қайтпайтын қайсар сары тәуекелдің кемесіне мініп, арман қала алматыға аттанған. Нан сұрап жейтіндей ғана орысшасы бар жігіт ешнәрседен тайсалмай «қасқырлығының» арқасында М.Әуезов театрын бетке алған. Театрға билет алып, ішке енді. Театрдың ішіндегі ығы-жығы халықты, әсем де көркем театрды көріп, есі кеткен. Ал сахнадағы актерлердің ойыны, шеберліктері көрген түстей болып, аузынан сілекейін шұбыртқан. Бұл оның артист болам деген арманына тіпті қанат бітіріп, түпкілікті осы мамандықты таңдауына себепкер болған.

- 2 -

Сонымен құжаттарын М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының жанындағы театр студиясына тапсырып, қызу даярлыққа кіріскен. Күндіз қара сөз, өлең-тақпақтарды жаттап, кешкісін қойылым көруге асығатын. Тіпті театрға бармаса көп дүниеден құр қалардай есі шығатын. Сонымен емтихан да басталып, сыннан сүрінбей өткен Кеңес Нарымбайұлы бір-ақ күнде студент атанып шыға келді. Бұрынғыдай емес, енді аты шулы өнер тарландармен етене-жақын араласып, тіпті көпшілік сахнасына қатысатын да мүмкіндік туды. Театр студиясында Ә.Мәмбетов, Н.Жантөрин секілді мүйізі қарағайдай өнер майталмандарынан дәріс алды. Сондай-ақ ғаламат өнер шеберлері С.Қожамқұлов, Ы.Ноғайбаев, Ф.Шәріпова, Х.Бөкеева, Ә.Молдабеков, Қ.Бадыров, Ш.Мусин, С.Майқанова, Б.Римова т.б. сынды теңдессіз актерлердің әр ойынын қалт жібермей көкірегіне түйіп, айтқандарын санасына сіңдірумен болды. Қағылез де тіл алғыш «сары ұлды» бәрі арқасынан қағып, туған балаларындай еркелетті. Әсіресе, ұлағатты ұстазы , актер біткеннің шыңы ҚР халық артисі Нұрмахан Жатөрин жанынан бір елі де қалдырмай, еркелетіп, қолдау-қолпаштау білдіріп, қисыны келсе дауысы керемет болмаса да ән салдырып қоятын. Неге екенін қайдам, ұстаз сөзін екі етпей, тамағын қырнап алып, керемет дауысының жоқтығын біле тұра «Фигоро там, Фигоро здесь...» деп, шырылдап ала жөнелетін. Марқұм Нұрекең кеңк-кеңк күліп: - Опасыз, тамаша айттың,- деп лепіртіп, мақтап қоятын. Оған Кеңес ағамыз да риза болып, онан әрі әнін жалғастыра беретін. Көбіне Нұрмахан аға жастықтың әсерімен қате баспауын, адал болуын, өнер жолының ауыр екенін, өнер болған соң қызғаныштың болатынын, қастандықтан сақ болуын қадап-қадап айтып отыратын. Өнер жолына түскен соң өлермен болуын, кітапты көп оқуын, оның зор көмегі болатынын жиі қайталайтын. Ұстаз ақылын түйсігіне сіңіріп, әр сөзін қалт жібермей, шамасы келсе қасынан шықпауға талпынаты. Соның арқасында өнердегі біраз тылсым дүниелерге қанығып, көп актерлердің әңгімесіне құлақ тосып есейді.

Сөйтіп, студенттік қызық шақта тәмамдалып, диплом да қолға тиіп, кеншілер астанасы Қарағандыға жолдама түскенді. Аты болмаса заты таңсық шаһарға «бара көрерміз» деп, кішкене қоңыр чемоданын алып, поездға отырып нартәуекелдің кемесіне мініп, бір Алаһқа сиынып тартқан. Бұл тұста Сәкен театры әбден кемеліне келіп, республикамызға аты шыққан үш-төрт театрдың санатында болатын. Театрдың алғаш ірге тасын қалаушы аға буын өкілдері З.Жақыпов, Ә.Шәймерденов, М.Әбдікәрімов, А.Ыбыраев, Т.Жабаев, Ж.Шашкина, М.Мұқатаева, К.Ғабдуллина, Т.Әбілқасымов, Қ.Нұғыманов, орта буын өкілдері Қ.Сатаев, Ә.Абылаева, Ө.Асылбеков, М.Қамбаров, Е.Жүніспеков, Қ.Әлімбаева, Р.Омарханова, Ш.Жүнісов, А.Сәлімбаев т.б. сынды жанашырлар жаңа келген жас буынға қол үшін беріп, ағалық-апалық қамқорлықтарын танытты. Осы тұста аузын ашса көмекейі көрінетін, адамгершілік қасиеті мол, әнші-актер, режиссер Аманжол Сәлімбаев ерекше кісілік танытып, қанатының астына алып, Баян жеңгеміз екеуі туған баласындай бауырларына басты. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» дегендей, сол асыл аға-апаларының жылылығын, жақсылығын, шарапат-шуағын әсте ұмытар ма?!

 - 3 -

Бүгінде халқы өнер адамы ретінде танып, біліп жатса сол аға буын өкілдерінің арқасы - дейді, сұңғыла актердің өзі де. Кейін сол аға-апаларының шапағатты ісін жалғастырып, жаңадан келген жас актерлерді қамқорлығына алып, үйінен орын беріп, ағалық парыз танытты. Сол жас актерлердің өзі бүгін ірі қазақ өнерінің маңдай алды актері атанып, орта буын санатына қосылды, тіпті алды аға буын өкілі санатында. Дүние кезек деген осы болса керекті. Ол еңбегі далада қалған жоқ, ереше қамқорлық танытқан ағаларын олар да құрметтеп, тәлімгер ұстаз ретінде ардақ тұтады. Жоғары да аты аталған азаматтардың қай-қайсысы болмасын шын талант, асқан дарын иелері. «Ұрыста тұрыс жоқ» демекші, жаңа келген жас актер білек сыбанып, белін бекем буып іске кіріскен. Режиссерлер де актердің кескін-келбетіне, шалымына қарап рольдер бере бастаған. Роль демекші, осы қырық жылдан астам уақыттың  ішінде Кеңкең 150-ден астам ірілі-ұсақты кейіпкерлерді ойнапты. Шекспир, Гоголь, Островский, Әуезов, Ғ,Мүсірепов, Б.Майлин, С.Сейфуллин, О.Бөкей, Д.Исабаеков т.б. сынды драматургтердің шығармаларын да көсіле еңбектенді. Оның тағы бір бақыты сол тұста өз замандас-құрдастарының еңбек етуі еді. Солармен қоян-қолтық араласып, талай спектакльде ойнады. Олар ҚР еңбек сіңірген артистері Р.Баймағанбетов, С.Қажымұратұлы, Ж.Ысқақов, И.Байгисиев, Ж.Қыстаубаева т.б. актердің шабытты ойыны көп жағдайда партнерға да байланысты екені театр заңдылығы. Құлын-тайдай тебісіп, гастрольдік сапарда бірге жүріп, жастық пен мастықтың бұла шағын бірге бөліскен асыл достарын Кеңкең әсте естен шығарар ма! Әрине, алғаш ойнаған Қозы мен Ғани Мұратбаевтар ол үшін керемет, керім. Осы рольдері арқылы алғаш актер ретінде танылып, талабы мен талантын, өресін көрсетті. Ал С.Жүнісовтің «Өліарасындағы» Ленин бейнесі талай жылғы төгілген маңдай тердің, еселі еңбектің, актерлік шеберліктің ең биік шыңына айналып, актер басына бақыт, қуаныш алып келді. Ол Ленин бейнесін портреттік ұқсастық тұрғысынан ғана көрсетіп қоймай, өзіндік «менін» қосып жарқырата, тұлғалы да тұщымды етіп көрсете алды. Сөйлеген сөзі мен гримнен кейінгі портреттік ұқсастықтың өзі талай көрерменнің таңданысын тудырып, еріксіз қол шапалақтау арқылы тәнті етті. Бейне Лениннің өзі сахнада жүргендей әсерге бөледі. Бұл бейне қазақ театр тарихында өшпестей болып, алтын әріппен жазылып қалды. Себебі, бұған дейін бірде бір облыстық театрлар мемлекеттік сыйлыққа ие болған жоқты. Ендеше, біздің Кеңес облыстық театрлар арасында алғаш жол ашушының бірі, жаңа сүрлеу салған актер.

Режиссердің бақыты актер болса, актердің жетістігі керемет талантты режиссерлермен жұмыс істеу. Бұл тұрғыдан алғанда да оның жолы болды деуге толық негіз бар. Тамаша режиссерлер Е.Обаев, М.Байсеркенов, Ж.Омаров, Қ.Сатаев, М.Қамбаров, А.Сәлімбаев, Т.Тұңғышбаев, Ж.Есенбеков, М.Бекқожин, Р.Баймағанбетов, Ә.Оразбековтер қойған спектакльдерге қатысып, қойылымның сәтті шығуына күш салды. Олардың қойған біраз дүниелері аймақтық, республикалық, халықаралық фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарға іліксе, оған қосқан Кеңес ағамыздың да қомақты үлесінің бар екені тайға таңба басқандай мен мұндалап тұр.

   - 4 -

Кеңес ағамыз біраз жыл сахнадан қол үзіп кеткені де рас. Оның басты себебі Қарағанды облыстық мәдениет басқармасында бас маман болып еңбек етуі. Әлбетте, сахнаға сирек шыққаны болмаса, ол театрын мүлде тастап кеткен жоқ. Оның есесіне сол жұмыста жүргенде театрға деген шапағаты мол болғанын жақсы білеміз. Шама-шарқы келгенше арқадағы қара шаңырақ саналтын Сәкен театрын қаперінен тыс қалдырмай ақшалай сыйлық т.б. дүниелерден құр қалдырмауға күш салатын. Ал Қарағанды облысында өткізілген кез келген игі шараны Кеңессіз елестету еш мүмкін де емес. Ол осы игіліеті істердің ұйтқысы, ұйымдастырушысы, сценарийсті, режиссері, әрі һәм жүргізушісі болатын. Жыл сайын өткізілетін «Театр – балалар әлемінде» атты балалар мен жасөспірімдерге арналған аймақтық театр фестивальінің бас продюссері, ірге тасын қалаушы жан. Осы аймақтық фестивальде қанша жаңа есімдер халыққа танылып, лауреат атанғанын көпшілік қауым жақсы біледі. Шаршап, шалдығуды білмейтін асыл азамат қолы қалт ете қалған сәтте қолына қалам алып мақала-естеліктер, сценарийлер мен драматургияға құрық тастайтыны бар. Атап айтқанда «Әйел Махаббаты», «Замана неткен тар едің...», «Қаздауысты Қазыбек», «Ата парызы», «Тәттімбет», Қарусыз майдан» секілді шығармалары Сәкен театрында сахналанып, өз бағасын алды. Таяуда қаламгер ағамыз ешкімнің көмегіне сүйенбей-ақ, өз қаражатына өмірден ерте кеткен зөңгілес досы, әріптесі, асқан дарын иесі, қайталанбас актер ҚР еңбек сіңірген артисі Рамазан Баймағанбетов туралы «Сахна сарабдалы» атты кітабын шығарды. Осыдан-ақ біз Кеңкеңнің адамгершілік қасиетінің молдығын, кісілігін, досқа деген адалдығын, қамкөңілдігін аңғарамыз. Расында да жастайынан бірге өскен, сахнада талай бейнені бірге сомдаған, бір жапырық қара нанды бөліп жеген, «қыз-ойнақта» асыр салған жан досын қайтіп қаперінен шығарсын! Рамазан марқұмды шығарып салып тұрғанда ол: - Біздің де қатарғаластарға ажал құрығын салды ма – деп, көзінен ыстық жас бода-бода боп тамшылап еді. Басқа қолынан не келсін, ажал шіркінге кім ауыздық салар! Бар қолынан келгені досы туралы кітап шығарды. Бұл зор еңбек. Керемет көрегендік, білгірлік, имандылық!

Рас, ағамыздың директор болуына, өсуіне жол меңзеп, ақыл-кеңес берген ҚР халық әртістері Қарағандыбай /әріптестері Қарғаш деп кеткен.С.Ж./ Сатаев пен Әсия Абылаевалар туралы бірер ауыз сөз айтпай кетпеске болмас. Бойынан тамаша талантты, жақсы өнерді байқаған Қарғаш пен Әсия Кеңесті ерекше жақсы көріп, мейірім шуағын аяған жоқ. Партия қатарына өтіп, театрдың директоры болуға да үгіттеді. Ол үшін шыншыл, әділ, таза, темірдей тәртіп ұстауға, кітап оқып ой-өресін кеңейтуге баулыды. Екеуі де халық артисі, алғашқы театрға келген жоғарғы білімді атақты Асқар Тоқпановтың шәкірттері. Екеуі де шынайы талант иелері. 70-90 жылдарға дейін театр репертуарын осы қос тарланбоз актер ұстап тұрғаны да рас. Оның үстіне екеуін де елі бағалап, басшылар да олардың айтқанымен санасатын. Негізі Кеңестің жақсы актер, тамаша басшы болуына осы кісілердің тікелей ықпалы болғаны еш бұлтартпасыз шындық. Олардың кеңесін, ақылын алғаннан ол қор болған жоқ. Қайта толысты, ойы өсті, қарім-қабілеті артті, шеберлігі шыңдалып ашылды. Ең бастысы көп оқуды жаны қалап, ой өресін арттыра түсті. Туғанындай бауырларына басып,

 - 5 -

қалт еткен тұсы болса тезіне салып, дұрыс жол меңзеп отырды. Осындай кілең марқасқа өнер тарландарының шапағатын көріп, алақан жылуының табын сезінген Кеңес ағамыздың да ел басқарып, аталы сөз айтып, қамқоршыл, кеңпейіл, ақкөңіл, иманжүзді де ақылман болмауы мүмкін де еместі.

Бойында жалын атқан қайраты бар Кеңкең бұл жұмысты /директорлықты/ басында ауырсынып, жатырқағанымен кейін төселіп алды. Екі-үш жылдай істеп көрді де, кейін басқа қызметке ауысып кетті. Содан араға он-он екі жылдай салып, әбден тәжирибе жинақтап, ысылып 2004 жылы театрға қайта директор болып оралды. Ол қызметке кіріскенде бұрынғыдай өз ісіне сенімсіз емес, талай сыннан сүрінбей өткен діңгегі мықты, білікті, білімді, ой қабілеті жетік маман ретінде келді. Ол жаңа істерге ұйтқы болып, театрдың  жаңа белестерге көтерілуіне, артистердің жағдайының жақсаруына, кадр саясатын іске асыруға күш салды. Ол еңбегі ақталып, театр үлкенді-кішілі талай фестивальдерге қатысып, үнемі алғашқы үштіктен көріне бастады және жас актерлермен толыға түсті. Бұрындары шет елге шығу арман-қиял болса, енді Каир, Түркия, Беларусь, Қазан т.б. елдерге бару жүзеге аса бастады. Осы тұста белгілі өнер саңлағы, атақты сыншы Ә.Сығай: - Сәкен театры қатыспаған фестиваль тартыссыз өтетін секілді, – деген аталы сөзін айта бастады. Бұл сөз жоқ сол тұстағы театрдың директоры К.Жұмабеков пен режиссер Ә.Оразбековтердің жемісті еңбегінің арқасы. Театрдың қым-қуыт тыныс-тіршілігі, ұжымның бірлігі, артистрдің жәй-күйі, қаражат, шығармашылық деңгейі т.б. қадағалау, оған басшылық жасау айтар ауызға жеңіл болғанымен нағыз қиямет қаймның өзі еді. Бірақ, қолынан іс келетін үлкен жүректі ағамыз әріптестерінің ешқайсысын жерге қаратқан жоқ, барынша адал, барынша әділ болуға тырысты және солай етті де. Ешкімнің бетінен қаққан жоқ, қолынан келген көмегін ешкімнен аяған емен. Осындай ақкөңілдігінің, ашықтығының, ақылдылығы мен көрегендігінің арқасында зор беделге ие болды. 2012 жылы Қазақстан Театр Одағы белгілеген «Ұзақ жылғы үздіксіз еңбегі үшін» номинациясын ие болуының өзі жоғарыда айтқан сөзіміздің дәлелі іспеттес. Осыдан екі-үш жыл бұрын тағын тастап, бағын сахнадан іздеуді мақсұт тұтып, қайтадан актерлігіне оралған. «Қайтқан малда берек бар» демекші, абыз актердің сахнаға қайта оралуы тың серпін, жаңа күш әкелгендей болды. Сахнаны сағынып, аңсағандығынан ба келе-сала бірнеше бас кейіпкердің мүйізін қағып тастады. Атап айтқанда олар Қарабай, Қорқыт, Шахан, Король Лир. Бұл төрт кейіпкердің төртеуінің де кешкен замандары, талап-талғамдары да, мақсат-мүделері де әр түрлі. Алғашқа екеуі эксперимент ретінде сахналанса, кейінгісі толыққанды заманауи драма ретінде көрермендер талқысына түсті. Осы күні не болса соны экспериент санайтын болдық қой. Тың ой жоқ, өзгеден ұрлауды арсынбайтын «бетсіз» болып алдық. Мұндайды қазақ «қолыңнан келмеген шоқпарды беліңе байлама» демеуші ме еді. Тура соның кері болып тұрған заман болды ғой. Тіпті кейбірі атақты режиссерлер Мәмбетов, Байсеркенов, Обаев, сыншы Сығаевтарға да тил тигізіп жүр. Оу, ағайын, солардың тырнағына татып, солар істеген дүниенің тым болмаса титімдейін істеп барып сөйлесек аузымыз қисая ма?! Міне, бүгінгі өнерге «шын жаны ашитындардың» сиқы мен тұрқы, кескін-келбеті. Ал сөйлес! «Пұшық болса да, байдың баласы сөйлесін» деген

- 6 -

заман қайта оралғандай. Өнерде жүрген шала сауатты, дәлдүріш, аярлар соларды мақтап, мадақтап күн көріп жүргенін аңдап та, аңғарып та жүрміз. Өйткені әлгілерлің «көкелері» бар, солардан қорқады, үркеді, амалсыз осындай қадамға барады. Олар өнерге келген нағыз «жуликтер». Қорқыт пен Қарабайды қойған режиссерлердің жұмысы көңіл көншітпегендіктен, актерлерді аша алмағандықтан көп нәрсені айту орынсыз болар. Дегенменен актер ағамыздың құлшынысы, алымы қуантады. Режиссердің топастығы, қазақилықтан адалығы дастархан үстіне Қарабайды шығаруы болды. Қазақ баласы дастарханын киелі санағаны соншалық, тіпті баланың өзін дастарханға шығармаған. Осыны көрген білгіш театр басшылары сол тұста ай бағып отырды ма, әлде жұлдыз санады ма екен. Біз қазақ театры болған соң мұндай ата салтымызға, дәстүрімізге қиғаш дүниелерге жол бермеуіміз керек. Ұлттық театр болған соң ұлттық қағидамыздан жаңылмағанымыз абзал. Ал соңғы сомдаған Шахан образы актерді сан қырынан, кемел де аса мықты актер ретінде танытты. Кейбір тұста режиссер талабынан да асып түскен де сыңай байқалады. Шахан бүгінгі шекпенділердің толық қанды сиқын, даңққұмарлығын, ластығын, ішмерездігін, қатыгездігін, сұрқиялығы мен найза бойламас аярлығын, қулық-сұмдығын, жағымпаздығын көз алдыңызға алып келеді. Сахнада өзін теңіздегі балықтай еркін сезініп, емін-еркін қимылдап, көсіле өнер көрсетеді. Шығарма құдды осы кісіге лайықтап жазылғандай әсерге бөлейді.

Әрине, актер болған соң тағылар сында, мінде көп болары сөзсіз. Алайда актердің пешенесіне жазылғаны осы болса амал нешік. Актердің шын сыншысы  - халық. Халық айтса – қалт айтпайды. Әрнәрсеге шүкіршілік еткен елдің ұрпағымыз ғой. Кеңес те артист болғанына еш уақытта налыған да, жасыған да емес. Қайта бағын да, бақытын да театрдан тауып, осыншама жылын өнерге бағыштағанын мақтан тұтады. Өйткені, тамаша-тамаша сомдаған образдары, келісті ойнаған кейіпкерлері, көрермен ықыласпен тамашалайтын рольдері бар. Әлі де атынан түскен жоқ, сахна төрінен кеткен жоқ, кетпек те емес.

Актердің оң жамбасына түсіп, айшықты етіп сомдаған рольдері деп өз басым Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл еріндегі» Доктор, «Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» Қозы, Ш.Ыдырысұлының «Ағнұрындағы» Қылышбай, М.Әуезовтің «Еңлік--Кебегіндегі» Көбей, Ә.Тауасаровтың «Махаббат аралындағы» Марат, Б.Мұқайдың «Дүние кезегіндегі» Райымов, О.Бөкейдің «Құлыным меніңіпдегі» Дулат т.б айтар едім. Бұл кейіпкерлердің әрқайсысының мінез-құлқы, сан алуан психологиялық иірімі, ішкі-сартқы дүниесі, ой-өресі бар десек, шебер актер осы кейіпкерлердің әрқайсысына өзіндік рең, бояу, ой-өре қосып, қюуын келістіре,

- 7 -

сан қырлы етіп көрсете алды. Актер үнемі ізденіс үстінде жүріп, өзіндік сарын, өзіне ғана тән үн, өзіне ғана лайықты сүрлеу салады. Әр бейнеде тек Кеңес Жұмабековке тән «Мен» бар. Ұзақ жылғы өнерге қыруар сіңірген еңбегі бағаланып, тарланбоз ағамызға 1996 жылы ҚР еңбек сіңірген артисі деген құрметті атақ берілді. Расында тамаша актер, сүмбіле жүйірік, қас шебер, шын дарын иесі Кеңкең бұл атаққа лайықтын.

Бүгінде пайғамбар жасынан асып, өнердің жілігін шағып, кіл майын ішкен өнер тарланы  Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының қадір тұтар, үлгі-өнеге алар қариясы, данагөй ақсақалы, әрі кетті атасы. Олай дейтініміз өзгеден өресі зор, пейіл-ниеті түзу, кеудесі алтын сандық сырға толы, ескінің көзі, ақсақал-қарасақалдардың сарқытын ішіп, сөз қадірін түсінген, өнердің өресін таныған, талантын жаныған, қыранға тән шалыс, тайбурылға тән шабыс, елден арқалағаны тек алғыс жанның тап өзі. Кеңесті білмейтін жан ілуде біреу ғана болар. Өйткені, «түсі игіден түңілме» дегендей, ол елмен тіл табыса, сөз жарыстыра білетін азамат. Қарапайым, кішіпейіл, кеудемсоқтығы жоқ, жаны нәзік, сезімтал адам. Ол сонысымен қадірлі, сонысымен сыйлы. Бүгінде ұл мен қызының құрметіне бөленіп, ел алғысын арқалап, ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері Майра жеңгеміз екеуі немере-шөбере сүйіп отырған ақылман ата-әже. Істеген істері, еңбектері, адами қасиеттері әрқашанда көпшілікке ләзім. Талай жыл үш айлық гастрольдік сапар кезінде бригада басқарып, мықты ұйымдастырушылық қабілетін танытты. Ол басқарған бригада үнемі алғы саптан көрініп, жүлделі орындардан құр алақан қалған емес. Сан мәрте республикалық, халықаралық театр фестиваліне де қатысып, театрдың абыройының асқақтауына зор үлес қосты. Біріккен Араб Эмираты, Беларусь, Түркия, Әзербайжан, Ресей т.б. шет елдерде өз өнерін ортаға салды.

Сөз соңында сахна сардары, тәлімгер ұстаз, көрерменнің сүйікті актеріне: - Сахна төрінен түспе, абыз аға, – деймін.

                                      Сламбек Жұмағали, режиссер, ҚР Мәдениет қайраткері,

                                                                        ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Суретте: спектакльден көріністер.

Әнші-актер Қуаныш

Толығырақ...

Өткен жылы дүрілдеп өткен Қасым ағамыздың тойы әсте естен кетер ме?! «Той болса осындай-ақ болсын!» - десті жиылған жұрт. Қасымның өзі де осындай тойға лайық ұлы ақын ғой. Тіршілігінде мұндай абыройға ие болмаса да соңында қалған ел-жұрты төбесіне көтіріп, аруағын еске алып, тәу етіп бас иіп жатса қалай елжіреп, қалай ғана риза болмассың. Қалың Қарқаралы күллі қазақ даласына тағы да қонақжайлығын, кеңдігін, жомарттығы мен дархандығын танытып, қонақтарды еріксіз мойындатып бас идірді. «Ұлысын құрметтесе, осындай-ақ құрметтесін!» - десті көпшілік.

Әнші-актер Қуаныш

Толығырақ...

Өткен жылы дүрілдеп өткен Қасым ағамыздың тойы әсте естен кетер ме?! «Той болса осындай-ақ болсын!» - десті жиылған жұрт. Қасымның өзі де осындай тойға лайық ұлы ақын ғой. Тіршілігінде мұндай абыройға ие болмаса да соңында қалған ел-жұрты төбесіне көтіріп, аруағын еске алып, тәу етіп бас иіп жатса қалай елжіреп, қалай ғана риза болмассың. Қалың Қарқаралы күллі қазақ даласына тағы да қонақжайлығын, кеңдігін, жомарттығы мен дархандығын танытып, қонақтарды еріксіз мойындатып бас идірді. «Ұлысын құрметтесе, осындай-ақ құрметтесін!» - десті көпшілік.

Театрдың мақтанышы еді

Толығырақ...

Осыдан 1 жыл бұрын Сәкен театрының бетке ұстар өнер тарландарының бірі, бар ғұмырын театр өнеріне бағыштаған ҚР халық артисі Қарағандыбай Сатаев жарық дүниемен қоштасып, мәңгілік көз жұмған болатын. Қаралы жұрт артында өшпес із, мол мұра қалдырып, театр өнерінің өсіп-өркендеуіне қыруар еңбек сіңіріп, арқадағы киелі қара шаңырақ Сәкен театрының шоқтығының биік болуына өлшеусіз үлес қосқан өнер майталманын көз жастарын сығымдап, соңғы сапарына Алматы шаһарынан шығарып салғанды.

Арқаның алдаспандай ақтаңгер актері

Толығырақ...

/ҚР еңбек сіңірген артисі Рамазан Баймағанбетовтің қайтыс болғанына 5 жыл/

Өмірге келу барда кету бар. Бұл табиғаттың бұлжымас заңы. Ендеше, тіршілікте адам баласы бір-біріне қол үшін беріп, жақсылық жасап, өшпес із, мол мұра, ел аузында қалар игілікті іс істенеге не жетсін!? Осындай азаматтардың бірі қазақ өнерінде ойып тұрып орын алған хас талант, өзін мойындатқан, өрелі өнерімен дүйім жұртты тәнті еткен ҚР еңбек сіңірген артисі Рамазан Рымбекұлы Баймағанбетов десек әбден сыйымды. Себебі, ол ерекше жаратылған шын дарын иесі, сахнаның сәні, домбыраның құлағында ойнаған керім әнші, халқының қалаулысы, үлкен жүректі азамат. Иә, абзал ағамыздың арамыздан кеткеніне де 5 жыл уақыт болыпты. 5 жылдың ішінде кімдер келіп, кімдер кетпеді!? Сәкен театры осы 5 жылдың ішінде 5 маусымын Рамазан сынды дарабозынсыз ашып, онсыз театр фестивальдеріне қатысып, күнделікті күйбең тіршілігін жалғастырып жатыр.