Бекболатов Сансызбай Нұрсияұлы

PHOTO 2020 04 20 10 04 16Бекболатов Сансызбай Нурсияевич 1955 жылы туған. Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік Консерваториясын драма және кино актері мамандығы бойынша бітірді. 1973-1977 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясының театр факультетінде оқып, СССР халық халық әртісі, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Хадиша Бөкеева, Әшірбек Сығаев, Демеш Арынғазиевадан шеберлерден дәріс алған. Шығармашылық өнер жолын 1977 жылдан С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрында бастады. Талантты актер Сахнада К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» - Труфольдино, М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» - Жапал, М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн» - Ақжігіт, А.Бек «Волокам тас жолы» - Заев, Н.Гогольдің «Үйлену»- Подколесин образдары арқылы өзінің сан қырлы талант иесі екенін танытты.

1990 жылы Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театрына шақырумен жұмысқа келді. Ұлттық және әлемдік классикада, сондай-ақ бүгінгі күн тақырыбында жазылған пьесаларда сан қилы бейнелер жасап, оларға өзіндік бояу бере алды. М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» - Есен, Ғ. Мүсіреповтың «Ақан сері Ақтоқты» - Қоңқай, У. Шекспирдің «Король Лир» - Эдгар, Еврепидтың «Медея» - Егей, А.П. Чеховтың «Шағала»- Медведенко, Э.Филиппонның «Филумено Мартураносы» - Адвокат, Т.Нұрмағанбетовтің «Табалдырығына табын» - Хамзин, С. Балғабаевтің «Біз де ғашық болғанбыз» - Cарман, Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы» - Нияз, Ш.Айтматовтың «Ана - Жер Ана» - Қасым, Әкім Таразидің «Жақсы кісі» - Хазин, Ж. Артықбаевтің «Малайсары тархан» - Қоңтайшы образдары арқылы актердің өзіндік ерекшелігін анықтауға болады. Ол сомдаған М. Әуезовтың «Айман-Шолпан» - Қортық шал комедиялы жанрда шешілген образдар актер ойынында теңдесі жоқ кейіпкерлерге айналды. О. Сүлейменов, Б. Мұқайдың «Заманақыр» қойылымында Дастан образы Жезқазған қаласында өткен республикалық театр фестивалінде «Ең үздік ерлер бейнесі» наминациясына ие болды. Д.Исабековтің «Әпке» спектакліндегі Омар бейнесі үшін Шымкент қаласында өткен Республикалық фестивальде «Ең үздік эпизодтық роль» жүлдесін алды.

Өзінің парасатты, зиялы өнерге ұласқан рухани көркемдік ізденістері, еңбекқорлығы нәтижесінде ұлттық өнерді биікке көтеріп жүрген аға-іні буын әріптестерімен бірге өсіп, рухани шыңдалған, адами қасиеттерімен айналасына таланттарды жинаған дара тұлға. Сахнада жүріп ғажайып серіктес: ол өмірде адал дос, шыншыл азамат, өзінен кейінгі буынға ұстаз, өнердің хас шебері бола білді.

Сонымен бірге 2012 жылдың тамыз айынан С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының басшысыф әрі көркемдік жетешісі қызметін атқарып келді. Осы уақыт ішінде Сәкен театры оның басшылығымен бірнеше фестивальдерге қатысып, гастролдік сапарларға барып қайтты. Атап айтқанда Сербия Республикасы Белград қаласындағы Халықаралық фестиваль «Славия-2013» театрға 2013 жылдың 09 наурызда фестиваль шымылдығын М.Әуезовтың «Қаракөз» трагедиясымен ашуға мүмкіндік алып, «Кіші Дон Кихот» марапатына ие болды. Санкт-Петербург қаласында өткен «Монокль» фестиваліне У.Шекспирдің «Ричард-ІІІ» моноспектаклімен, Түркия Республикасы Анталия қаласында өткен Халықаралық театр фестиваліне М.Ф.Ахундзаденің “Мусье Жордан, ғалым-ботаник және әйгілі сиқыршы Масталишах дәруіші” таңғажайып оқиғасымен қатысты. 2014 жылы Түркия Республикасының Кония қаласында өткен «МЫҢ ТЫНЫС, БІР ҮН» халықаралық театр фестиваліне Д.Еспаевтың «Келеміз. Кетеміз. Өлеміз. Өтеміз» қойылымымен қатысып, 10 театрдың ішіндегі үздік қойылымдардың қатарына енді. Театр ұымы Павлодар қаласында өткен қайраткер тұлға, жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың 125 жылдығына арналған «Алаштың ардақтысы» аймақтық театр фестиваліне С.Жұмағали сахналаған М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн» трагедиясымен қатысып «Эпикалық ауқым» номинациясы бойынша дипломмен марапатталды Гастролдік сапармен Алматы, Астана, Талдықорған, Павлодар, Екібастұз, Ақсу, Семей қалаларына барып, үлкен абыроймен оралды. Сонымен бірге тұрғындарға жаппай-мәдениет үгіт жұмыстарының көтерілуіне көптеген септігін тигізуде. Әртүрлі жаңа қойылымдар сахналауға барынша атсалысып, қазақ драма театрының дәстүрін, мәдениетін, тарихын насихаттауға бар күшін салды. Қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысатын. Мықты басшы, қабілетті ұйымдастырушы, тәлімгер аға ретінде соңынан ерген жас актерлар мен әріптестеріне үнемі үлгі-өнеге танытып келді.

Еңбегі еленіп, 2010 жылы Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, 2005 жылы Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен, бірнеше рет облыс және мәдениет басқармасының, жеке мекемелердің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. 2015жылы Қарағанды облысы әкімінің сыйлығы «Ең үздік менеджер» номинациясымен марапатталды. «Құрмет» орденінің иегері.

С. Бекболатов С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының Академиялық атақ алуына қаншама күш-жігер жұмсады, театрдың алда келе жатқан 90 жылдығын лайықты атап өтеміз деп, жарқылдап жүрген іскер басшы, театр өнерінің тарланы Сансызбай Нұрсияұлынан айрылып қалғанымызды қатты қайғырып, үлкен өкінішпен патша көңіл көрерменге хабарлаймыз.

Театр ұжымы Сансызбай Нұрсияұлының отбасына, әріптесіміз, жұбайы Алма Нұрмұханқызына, Сәкеңнің ұл-қызына ауыр қайғыны бөлісіп, көңіл айтады. Алла сабыр берсін...

Сымбатты да, сүйікті, ақжарқын, адамгершілікті, ұжымның әр мүшесінен қамқорлығын аямайтын басшымыздан қапияда көз жазып қалғанымыз қабырғамызға батып, шарасыз күйде қалдық.

Жаныңыз жаннатта болсын, рухыңыз пейіште шалқып, мәңгілік мекеніңіз жұмақ болсын, қымбатты Сансызбай Нұрсияұлы...