Қырғыз-қазақ бір туған.

«Халықтар достығы» орденді Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры Қырғызстан Республикасының Асанбек Умуралиев атындағы Бішкек қалалық драма театрының сахнасында өз өнерлерін паш етті. Қырғыз халқы Сәкен театры ұжымының өнерін ағымдағы жылдың 15-16 қараша күндері тамашалады. Қазақ ақыны Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай Рахымжан Отарбаевтың «Фариза мен Мұқағали» лирикалық драмасы (Режиссері Нұрлан Жұманиязов) және Роза Мұқанованың «Ешкім де кінәлі емес» драма-абсурды (Режиссері Бекмұхаммет Киекбаев) қырғыз елі көрермендерінің көңілінен шықты десек артық айтқанымыз емес.

Қойылым тақырыптарының бүгінгі күнмен астасып келуі де тегін емес. Аталған екі спектакль де өзекті мәселелерді көтеруді алға қойған. Лирикалық драмада ақын жүректерінің нәзіктіктері, сол заман адамдарын суреттейтін айшықты белгілері көрініс тапқан болса, драма-абсурд жанрында қойылған «Ешкім де кінәлі емес» спектаклінен қарттар мен жастардың ара-қатынастарын байқауға болады.

Гастрольдік сапар барысында қойылым тамашалауға елшілік өкілдерімен қатар қырғыз елінде тұратын қазақ диспаросынан да Қырғызстандағы елшінің кеңесшісі Сыздықов Асхат Уристемович елге деген сағынышпен келді. Арқа театрының өнеріне қуана қол соғып, қошемет көрсетті. Сонымен қатар, спектакльден кейін Асхат Уристемович, Сәкен театрының директоры Бекболатов Сансызбай Нұрсияұлы, Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалы-драма театры директоры Канафина Индира, «Үш қоңыр» Республикалық әдебиет, мәдениет және өнер газетінің Бас директор-редакторы – Болат Батырмен кездесу өтті. Кездесу барысында мәдениет майталмандары өзара пікірлерін айтысып, театр, спектакль жайлы алдағы уақыттардағы жоспарларымен бөлісті. Болашақта да әріптестік қарым-қатынастың нығаюына берік жол салуға ниеттенді.

Өз кезегінде Сәкен театры әріптестік қолдау танытқан Асанбек Умуралиев атындағы драма театры ұжымы мен басшысына алғыс айта, әлі де талай шығармашылық жұмыстарды біріге атқаратынына ниеттілігін білдірді. Өнерде тәжірибе алмасудан еш жалықпайтын арқа театры ұжымы күш-жігер, тың идеялармен, жаңа көзқарастармен елге оралды. Қазақ жеріндегі түрлі театр сахналарында өнер көрсетіп жүрген қыз-жігіттер өзге елде де көрерменнің ыстық ықыласына ие болып жатты.

Қазіргі таңда Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры ұжымы Атырау қаласында 18-22 қараша күндері өткізіліп жатқан Рахымжан Отарбаев атындағы ІІІ Республикалық театрлар фестивалінде «Фариза мен Мұқағали» спектаклімен қатыспақ. Басты рольдерде 20-ғасырдың ұлы ақындарын Нұрсұлтан Калкенов пен Заитова Дина сомдайды. Ендеше, қайратты, жаңашылдыққа ұмтылған, күш-жігерлері мол театр жастарына сәттілік тілей отыра, биік белестерді бағындыруларына сеніміміз мол дегіміз келеді.

Алтынай Амандыққызы

С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық

қазақ драма театрының

әдебиет бөлімі меңгеріушісі

Сәкен Сейфуллин атындағы

Қарағанды облыстық қазақ драма театры

Спектакль «Фариза мен Мұқағали»

Рахымжан Отарбаев

Лирикалық драмаға қазақ поэзиясының көрнекті өкілдері Мұқағали мен Фаризаның өршіл, рухты өлеңдерімен қатар қос ақынның бірін-бірі бағалаған, қадірлеп- құрметтеген адамгершілік қарым-қатынастары арқау болған. Мұқағали ақынның қилы тағдырына көре алмаушылық, сатқындық пен бақталастық өз әсерін тигізбей қоймады. Аурумен арпалысып, өмірін өлеңмен өрнектеген ақынға медеу болып, шығармашылығын да, жанын да түсінген жалғыз жан Фариза ақын еді...

Режиссері: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н. Жұманиязов

Қоюшы суретші: Ұлан Несіпбай

Әуенмен әрлеген – Дариға Жүнісова

Хормейстер – Дана Сатаева

Балетмейстер – Лаура Ибраева

Фариза – Дина Заитова

Мұқағали – Нұрсұлтан Калкенов

Күшеншек ақын – ҚР Мәдениет қайраткері Бауыржан Сүлейменов

Әкімгер – ҚР Мәдениет қайраткері Бекмұхаммет Киекбаев

Қалтай – ҚР Мәдениет қайраткері Боранбек Ахметов

Әбілмәжін – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабеков

Медбике – Гүлназия Дүйсенбекова

Жас ақын – Н.Есей

Бақыт – Серікболсын Қайыржанов

Пионер қыз – Саягүл Ташимбекова

Комсомол бала – Темірлан Камза

Қайрат – Сұлтан Серікұлы

Сәкен Сейфуллин атындағы

Қарағанды облыстық қазақ драма театры

Спектакль «Ешкім де кінәлі емес»

Роза Мұқанова

Ересектер бақшасындағы қариялар өмірі. Кешке «мені қашан алып кетеді» деп жаутаңдаған жанарлар...

Жақынына жаны ауырмайтын, перзенттік парызын тіршіліктің күнделікті күйбеңіне айырбастаған бала мен келін, қыз бен күйеу, бүкіл жан-дүниесі қасаңданып кеткен адамдар. Иә, бірақ мұның бәріне ешкім де кінәлі емес...

Жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Ешкім де кінәлі емес» деп аталатын драма-абсурд жанрында қағазға түскен терең философиялық бұл пьесада қазіргі қоғам ахуалы көрініс тапқан. Өзінің қарақан басынан басқа ешнәрсемен жұмысы жоқ, жақынына жаны ауырмайтын, ата-ана алдындағы парызын, күнделікті тіршіліктің таусылмайтын күйбеңіне айырбастаған келін мен бала, қыз бен күйеу, қала берді бүкіл жан-дүниесі қасаңданып кеткен толып жатқан адамдар. Құлағын тығындап алып, музыкаға еліткен немере де әжесінің неге шырылдап жүргенін түсінбейді.

Драма-абсурд бағыты Батыс Еуропа драматургиясында 20-шы ғасырдың орта шенінде пайда болды. Абсурд - қисынсыз, ақылға симайтын, логикамен қабыспайтын қимыл-әрекеттер мен сөздің, іс-әрекеттің, тіпті дерек-фактілердің жиынтығы деп түсінуге болады.

«Ешкім де кінәлі емес» драма-абсурдының кейіпкерлері де солай, бір орында тұрып, велосипед тебеді, дөңгелегі айналады, бірақ ол жүрмейді, жүріп бара жатырмын деп бір орынды таптап тұрған театр директоры.... Иә, бірақ мұның бәріне ешкім де кінәлі емес...

Актерлік құрамға келетін болсақ режиссер қойған задачаны толыққанды түсінді деуге болады. Жас буын актерлердің қарт кісілерді ойнауы да өзіндік шеберлікпен көрініс таба білген.

Қоюшы-режиссері ҚР Мәдениет қайраткері Бек Киекбаев.

Қоюшы суретші: Ұлан Несіпбай

Режиссердің көмекшісі: Жанар Бахтиярова

Асыл – Дина Заитова

Директор – Серікболсын Қайыржанов

Драматург – Темірлан Камза

Қызық – Динара Айғазинова

Немере – Бауыржан Амандыков