...

Желтоқсан айының 6 күні Сәкен театры ұжымы гастрольдік іс-сапармен Астана қаласы, Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театры ғимаратында Р.Мұқанованың «Ешкім де кінәлі емес» /драма-абсурд/ атты спектаклін Астана қаласы жұртшылығына ұсынған болатын. Осы аталмыш қойылымды тамашалауға келген барлық көрермендер өз ықыластарын білдіріп, театр ұжымына ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ, спектакльді көруге арнайы шығарма авторы Р.Мұқановада келіп, өз ойымен бөлісіп, қойылымның өте жоғары деңгейде өткендігін айтып өттті.
/Реж: ҚР Мәдениет қайраткері Б.Киекбаев/

«... Сағыныш деген енді оралмайтын өтіп кеткен өмірдің елесі....» бұл «Ешкім де кінәлі емес» кейіпкерлерінің сарғайған сағынышы. Өткен өмірлерінің елесімен бүгін өмір сүріп жатқан олар, ешкімге де өкпелемейді, ешкімді де кіналамайды.
Ересектерге арналған бақшадағы қариялардың өмірі. Кешке қарай «мені қашан алып кетеді екен, балам келе ме, қызым келе ме» деп жаутаңдаған жанарлар...

Өмірді үлкен театр десек, адамдар сол театрдың сахнасынан өзін-өзі таниды, өзін-өзі түсінеді. 
Жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Ешкім де кінәлі емес» деп аталатын драма-абсурд жанрында қағазға түскен терең философиялық бұл пьесада қазіргі қоғам ахуалы көрініс тапқан. Өзінің қарақан басынан басқа ешнәрсемен жұмысы жоқ, жақынына жаны ауырмайтын, ата-ана алдындағы парызын, күнделікті тіршіліктің таусылмайтын күйбеңіне айырбастаған келін мен бала, қыз бен күйеу, қала берді бүкіл жан-дүниесі қасаңданып кеткен толып жатқан адамдар. Құлағын тығындап алып, музыкаға еліткен немере де әжесінің неге шырылдап жүргенін түсінбейді.

Драма-абсурд бағыты Батыс Еуропа драматургиясында 20-шы ғасырдың орта шенінде пайда болды. Абсурд - қисынсыз, ақылға симайтын, логикамен қабыспайтын қимыл-әрекеттер мен сөздің, іс-әрекеттің, тіпті дерек-фактілердің жиынтығы деп түсінуге болады. 
«Ешкім де кінәлі емес» драма-абсурдының кейіпкерлері де солай, бір орында тұрып, велосипед тебеді, дөңгелегі айналады, бірақ ол жүрмейді, жүріп бара жатырмын деп бір орынды таптап тұрған театр директоры.... Иә, бірақ мұның бәріне ешкім де кінәлі емес...