Павлодардағы гастроль табысты аяқталды

С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының Павлодар облысындағы шығармашылық сапары сәтті аяқталып, Арқа театр өнерінің шеберлері керекулік көрермендерді қуанышқа бөлеп қайтты.

Павлодар мен Екібастұз қалаларының мәдениет сарайларында күніне бірнеше рет қайталанып қойылған спектакльдерге ағылған көрермендер санында есеп болған жоқ. Аншлагпен өткен әр қойылым көрерменіне рухани байлық сыйлап,  қасиетті өнер құдіреті алдында бас игізді.

Бір апта бойына Павлодар мен Екібастұз қалаларының тұрғындары ҚР еңбек сіңірген артисі, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты К. Жұмабековтің «Көмекей әулие» тарихи драмасы мен  жазушы-драматург Р. Отарбаевтың «Фариза мен Мұқағали» лирикалық драмасын тамашалап, ұлтымыздың тұғырлы тұлғасы Бұқар жырау Қалқаманұлының  өмірі мен шығармашылығын көкейлеріне тоқып, зерделесе, жастар 20-шы ғасырдың ұлы ақындары Мұқағали мен Фаризаның поэзия әлемімен танысты.

Қарағанды театры қойған Д. Исабековтың «Алладиннің сиқырлы шамы» ертегісін көруге келген мектеп оқушылары да өте көп болды.

Зал толы павлодарлық көрермендер әр қойылым соңында орындарынан тік тұрып, театр өнер шеберлеріне құрмет көрсетіп отырды.

Қарағанды театрының Павлодардағы гастрольдік күндерінің салтанатты жабылуында «Біздің өңірге тағы келіңіздер!» деп, қимай қоштасты Керекудің өнері мен мәдениетінің басшылары және қарапайым көрермендері.