Бұл күндері Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының Орал өңіріндегі мерейтойлық гастрольдік сапары табысты жалғасуда.

Кешелі-бүгін Орал театрының сахнасында ҚР Еңбек сіңірген артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Кеңес Жұмбаековтің «Адасқандар» әлеуметтік драмасы көрермендер назарына ұсынылды. Күніне үш рет қойылса да, «Адасқандар» драмасына көрермендер қызығушылығы өте жоғары болды.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, облыс әкімінің мәдениет мәселелері жөніндегі кеңесшісі Рымбала Кенжебалақызы Омарбекова бастаған қарағандылық делегацияны ҚР еңбек сіңірген артисі, актер-драматург Кеңес Жұмабеков пен «Құрмет» орденді актриса Гүлсара Рәшқалиеваны 70 жасқа толған мерейтойына орайБатыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгінов арнайы қабылдап,оларға жерлестері атынан сый-сияпат жасады. Сәкен театрының директоры, «Құрмет» орденінің иегері Сансызбай Нұрсияұлы Бекболатов облыс әкімін театрдың шығармашылық жоспарымен таныстырды.

Бір күнде бірнеше қайтара қойылған «Адасқандар» әлеуметтік драмасының басталар алдында Облыс әкімінің орынбасары, Облыстық мәдениет басқармасының басшылары сөз сөйлеп, қарағандылық театр ұжымына алғыстарын білдірді. Батыс Қазақстан университетінің ұстазы Сайлау Сүлейменов Кеңес Нарымбайұлының кластастары атынан құттықтау сөз сөйлеп, делегация жетекшісі Рымбала Кенжебалақызына гүл шоғын тарту етті.

«Адасқандар» әлеуметтік драмасы көтеріп отырған тақырыптың өзектілігі ешқашан күн тәртібінен түспек емес. Қойылым қазіргі жастардың кейбірінің Ислам дінінің атын жамылып, жалған секталар мен тура жолдан тайдыратын пиғылы жаман, өтірік діншілдердің жетегінде кетіп, опық жеген, отбасынан, ата-анасынан айрылып, тәлкекке түскен тағдыры жайында. Әр көрерменді ойландырып, ойға қалдыратын терең мазмұнды бұл туындыны жастар сабақ алсын деген мақсатпен еліміздің көптеген мекемелері мен ұйымдары тапсырыспен қойғызады. Міне енді оралдық көрермендер де осы әлеуметтік драманың көтерген тақырыбы өздерін де қызықтырғанын айтады.

«Адасқандардың» қоюшы-режиссері – С.Жұмағали

Басты рөлдерде: Б.Ахметов, А.Мұқашев, К.Уисимбаева, А.Жұмамұратов.

1909

1909 2

1909 3

1909 6