Әнші-актер Қуаныш

Өткен жылы дүрілдеп өткен Қасым ағамыздың тойы әсте естен кетер ме?! «Той болса осындай-ақ болсын!» - десті жиылған жұрт. Қасымның өзі де осындай тойға лайық ұлы ақын ғой. Тіршілігінде мұндай абыройға ие болмаса да соңында қалған ел-жұрты төбесіне көтіріп, аруағын еске алып, тәу етіп бас иіп жатса қалай елжіреп, қалай ғана риза болмассың. Қалың Қарқаралы күллі қазақ даласына тағы да қонақжайлығын, кеңдігін, жомарттығы мен дархандығын танытып, қонақтарды еріксіз мойындатып бас идірді. «Ұлысын құрметтесе, осындай-ақ құрметтесін!» - десті көпшілік.

Той аяқталған соң «Тасбұлақта» ойда жоқта белгілі ақын Мұхтар Шахановпен жолығысып қалдым. Аз-кем амандықтан соң, менің театрда режиссер екенімді біліп және Қасым аға тойында көрсетілген көріністің режиссері екенімді естіп, ақын ағамыз қолымды қысып, былай деді. - Бауырым Сәке, тойдың мықты өткендігінде еш күмән жоқ. Ең бастысы ұйымдастырушылық жағы мықты болды. Сендер көрсеткен көрініс қатты әсер етті. Біздер, мына ақын-жазушылар көп сөйлейміз ғой. Әлгінде сахнада сөйлегендерден шаршап кетіп едік, сендердің ана Қасым туралы қойылымдарың тіпті ұйқымызды ашып, көзімізге жас алдық. Әсіресе, Қасымды ең соңында биік тұғырға көтергендерің тіптен керемет әсерге бөледі. Айтқандай, Қасымды ойнаған бала ширақ, әрі жақсы актер екен. Ойыны маған қатты ұнады. Өзі де ақын жанды бала болса екерек – деп, жан-жағына қаранып алды да, сөзін жалғастырып әкетті. – Сен режиссер болсаң, Шыңғыс /Ш.Айтматовты айтқаны/ көкең екеуміз жазған «Сократтың у ішкен түні» деген шығарманы театрыңа қой. Қазақшасы жоқ, мынау орысшасы – деп, екі кітапты ұсынды. Біріне қолтаңбасын қалдырды, ал екіншісі «Қырғыздың Эвересі» деген кітабы. Міне, белгілі көпке танымал дүлдүл ақынмен осылай ойда жоқта кездесіп, қанаттанып қалдым. Ол кісінің жас актер туралы айтқан пікірлері көңілге қуаныш ұялатып, зор әсерге бөледі. Қасым бейнесін безбендеген Сәкен театрының жас перісі Қуаныш Жағыпаров болатын. Бүгінгі оқырман қауымға айтпағымызда қадамын енді бастаған жас актердің қазіргі аяқ алысы жайында болмақ.

Сонымен Қуаныш Өсербайұлының Сәкен театрында еңбек жолын бастағанына аса көп бола қойған жоқ. Алғашында жас кезінен қолына домбырасын тастамайтын, той-томалақтың бел ортасында жүретін, сал-серілік қасиетті бойына сіңірген боз балаға «әнші болам» деген арман жатса-тұрса маза бермей, ақыры Тәттімбет атындағы өнер колледжінің әншілік бөліміне, саурына қамшы салдырмайтын, дәстүрлі ән мектебінің маңдай алды ұлдарының бірі ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мейірхан Адамбековтің шеберханасына қабылданып, тағы бір керім әнші ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жақсыгелді Кемаловтан қоса дәріс алды. Арман шіркін орындалғандай болғанмен неге екенін кім білсін, театрдан шықпайтын жас жігіт аяқ астынан өзгеріп, актер болуға мойын ұсынып, 2004 жылы сол бөлімге, яғни, көпке танымал атақты режиссер ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков жетекшілік ететін «актерлік бөлімге» ауысады. Республикаға аты мәшһүр белгілі өнер саңлағынан білімін жетілдіріп, сол тұста театрда жүріп жатқан қойылымдардың көпшілік сахнасына қатысып, аға буын өкілдерінің ойынын қалт жібермей санасына тоқып, актерлік өнердің қиындығына көз жеткізді. Дипломын алған соң С.Қожамқұлов атындағы музыкалы драма театрында еңбек жолын бастады. Өнер ұжымы жас актерді кеудесінен қақпай, қолдан келгенше көмектесіп, көптеген спектакльдерге тарта бастады. Сол театрда жүріп Қуаныш біраз тәжірибе жинақтап, көптеген бейнелерді ойнады. Олар Бақытжан, Мақсат, Марат, Бекзат және балаларға арналған ертегілердің кейіпкері. Әрине, бұл образдар мінез-құлық, кескін-келбеті жағынан бір-біріне қарама қайшы бейнелер. Соған орай жас актерде әр рольге өзінше рең беріп, қоюлатып, ішкі иірімі мен сыртқы болмысына да көңіл бөлуге тырысты. Ең бастысы өзінің театрға бекер келмегендігін және бойында ұшқын атқан жалын мен жігер, актерлық қасиет барын дәлелдей алды.

Оның біздің театрға да келуі де күтпеген жерден орын алды. Ол тұста театрда жас актерлар қат болатын. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» дегендей Кеңес аға екеуміз Қуаныштың Павлодар театрынын ауысатынын естіп білген соң, ақылдаса келе өз театрымызға қабылдайтын болдық. Осылайша Қуаныштың Сәкен театрындағы өмірі басталды. Театрда енді қадамын бастаған кез келген жасқа қамқорлық таныту, жетелеп-демеп, жол сілтеу аға буын өкілдерінің басты парызы. Ал Сәкен театрында бұл жазбас қағида боп қалыптасып қалған. Көп нәрсе адамның өзіне де байланысты ғой. Сол секілді Қуанышта ең алдымен өзінің талабы мен талантына, ана сүтімен бойға дарыған шеберлігіне сеніп, «бисмиллә» деп іске кіріскен. Ол жақсы әнші, домбырада, гитарада еркін ойнайды және музыкалық қабілеті мол. Осының бәрі оған көмекке келіп, ілезде тапсырылған бейнелерді ырқына көндіріп, көзге түсе бастады және музыкалық қабілеті мен әншілігін жіті пайдалана алды. Бірсыпыра музыкалық спектакльдерде бас кейіпкерді ойнады. Әріптестері де жас актердің алғырлығын жоғары бағалап, режиссерлер де сенімді түрде кез келген бейнені алып кететіндігіне көз жеткізіп, өздері қойған дүниелерге тарта бастады. Азын-аулақ уақыттың ішінде Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашында» Мақсат, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарында» Ербол, Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуінде» Досым, С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдерінде» Қасым, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасында» Шәмші, Д.Исабековтің «Алладиннің сиқырлы шамында» Алладин, «Әйел тағдырында» Бейтаныс, «Қарагөзде» Сырым,  т.б. рольдерді ойнап, көрермен қауымның ыстық ілтипатына бөленді. Қуаныш ойнаған кейіпкерлерінің сыртқы болмысына ғана көңіл бөлмей, оның ішкі иірімдерін де терең ашуға көңіл бөледі. Сондықтан да ол ойнаған кейіпкерлер сан алуандығымен, әр түрлі бояуымен құнды. Актердің сөз сөйлеу мәнерінде де тазалық, қимыл-әрекетінде де еркіндік бар. Ол жасандылықтан бойын аулақ салып, тапсырылған кейіпкерін барынша нанымды, көңілге қонымды, илеуін қанық, айтарын анық көрсетуге тырысады. «Жастығы ма, мастығы ма» кейде еркелеп, қиялға берілетін сәттері де болып қалатыны рас. Осындай шақта Баянауыл тауларын көріп, сайын даласында еркін өсіп, тазы ертіп, аңға шыққан кездері есіне түссе Қуаныш атын ерттеп мініп, қасына күшігінен баулыған тазыларын ертіп, қаланың шетіне шығып қикулап қайтатыны бар. 3 тазы тұс-тұстан қосылғанда «ұшқан құспен жүгірген аңың құтылмайды» десе де болады. Бір жолы мынандай оқиға болды. Жұмыстан келсе үнемі құйрығын бұлғаңдатып қыңсылап келіп, қос аяғымен кеудесіне шапшып, балаша еркелейтін қос тазысы көрінбейді. Атын атап «Жұлдыз, Ақбақай! Кә! Кә!» дегенге келмеді. Қуаныш бір пәленің болғанын іштей сезіп, көзінен ыстық жастың қалай ыршып кеткенін аңдамай да қалды. Бұлар оның серігі, қимасындай-тын. Бірнеше күн дөңбекшіп, ұйықтай алмай шықты. Ойы сан саққа жүгіріп, «ішкені ірің жегені желім» болды. Құдды «кісі өлтіргендей» қабағы түксиіп, көңіл-күйі пәстанып қалды. Арада он күндей өткенде ұзынқұдақтан тазыларының Шет ауданының бір ауылында байлаулы тұрғанын естіп, дереу машинасына от алдырды да сонда тартты. Ішінен құдайына сыйынып, жалбарынып келеді. Ауылды бір айналып шықты. Әлден уақытта ысқырып қалғаны сол-ақ екен қайдан шыққаны белгісіз Жұлдызы оның белгісін танып, ағызып келіп, алдына жата қалып, балаша қуанып, әрлі-берлі машинаны айнала шапқыласын. Қуаныш оны құшағына алып, қысып-қысып алды. Тазы болса оның аузы-басын жалап, ауылдың шетіндегі үйге қарай зымырай жөнелді. Ол дереу машинасына мінді де тазының соңынан ілесті. Барса екінші иті Ақбақай байлаулы жатыр. Дереу босатып алып, машинасына салды да тартып отырды. Машинаға мінген иттердің қуанғанын көрсең, тіпті оны тілмен жеткізу мүмкін емес. Рольде отырған Қуанышты қайта-қайта жалап, қыңсылап, баладан бетер еркелеп, орындықта ойнақ салды. Жан досындай боп кеткен қос серігін тапқан Қуаныштың да жүрегі орынына түсіп, көңілі де көтеріліп қалды. «Итті жеті қазынаның бірі» дейді қазекең. Ал Қуаныш үшін олар қазына ғана емес шын серігі, адал достары. Олармен аңға шығу дегеннің өзі жанға рахат сезім ғана сыйлап қоймай, мол әсерге, қызық-қуанышқа бөлейді. Қазір ит асырау қалып бара жатқан тұста Қуаныштың ат мініп, ит салып аңшылық жасауы бабалардан қалған сал-дәстүр жалғастығы. Бұл дала баласына тән қасиет. Осындай сезімнен кейін оның шабыты шалқып, бойы сергіп, ерекше көңіл-күйге, зор әсерге бөленіп, сахнада жасын отындай жарқырайтыны бар.

Дауыс темборының жұмсақтығы, үнінің, айту шеберлігінің өзгешелігі оның ойнаған кейіпкерінің шоқтығын биік етіп тұрғаны сөзсіз. Ол әсіресе терме айтып, өзіндік сарын қосуға талпынады. Үнемі ізденіс үстінде жүретін жас актер қазір шыңдалып, өнер қазанында бұрқ-сарқ қайнап, тың сүрлеу іздеу үстінде.

Қуаныш жаңа рольге дайындыққа кірісіп кетті. Ол бейнені шығару үшін талай мазасыз күндер, ұйқысыз түндер өтері ақиқат. Өйткені ол өнер жолының «инемен құдық қазғандай» екенін жіті түсінеді. Ойланады, толғанады, тебіренеді, терлейді, ізденеді. Алла жазса талантты азаматтың жұлдызды сәттерінің алда екендігінде еш күмән жоқ. Оған Қуаныштың талабы да дарыны да жететіні айдан анық. Сөз соңында әріптес інімізге: - Жұлдызың жоғары болып, көрермен сүйер өнер саңлағы болуға жазғай! – деген жылы тілегімізді білдіреміз.

                                                                                                   Сламбек Жұмағали,

                                                                               ҚР Мәдениет қайраткері