Театрдың мақтанышы еді

Осыдан 1 жыл бұрын Сәкен театрының бетке ұстар өнер тарландарының бірі, бар ғұмырын театр өнеріне бағыштаған ҚР халық артисі Қарағандыбай Сатаев жарық дүниемен қоштасып, мәңгілік көз жұмған болатын. Қаралы жұрт артында өшпес із, мол мұра қалдырып, театр өнерінің өсіп-өркендеуіне қыруар еңбек сіңіріп, арқадағы киелі қара шаңырақ Сәкен театрының шоқтығының биік болуына өлшеусіз үлес қосқан өнер майталманын көз жастарын сығымдап, соңғы сапарына Алматы шаһарынан шығарып салғанды.

Әрине, Қарғаштың /әріптестері осылай атап кеткен.С.Ж./ бар ғұмыры Сәкен театрмен байланысты. Қаламыздағы Жамбыл мектебін бітірген соң, біраз жыл шахтада еңбек етіп, кейін алматыдағы Құрманғазы атындағы өнер институтының актерлік бөліміне оқуға түскенді. Бұл өнер ордасында белгілі режиссер, аты шулы ҚР халық артисі, профессор Асқар Тоқпановтың мектебінен дәріс алып, ұлы ұстаздың «тоқпағынан» өтті. Жалпы қазақ театрларының атын әлемге танытқан да осы Асқар ағамыздың шәкірттері болатын. Атап айтсақ Ы.Ноғайбаев, Ф.Шарипова, А.Әшімов, Ә.Абылаева т.б. Асқар ағамыз білімді ұстаз ғана емес, өз оқушыларын адал, еңбекқор, өнер жолында өлермен болуға баулыды. Осындай аты аңызға айналған тәлімгерден білім алған Қарекеңнің де көптің бірі болуға еш қақысы да жоқты. Оның үстіне сұңғақ бойлы, бет-пішіні де сахнаға лайық, батыр тұлғалы, бойында таланты бар азаматтың өз қарымын танытуға мүмкіндігі де мол еді. 1965 жылы театрға келгенде ескі көз өнер саңлақтары М.Әбдікәрімов, А.Ыбыраев, З.Жақыпов, Ә.Шәймерденов пен Т.Жабаевтар арқасынан қағып, құшақ жая қарсы алды. Жаңа келген жас актердің бетінен қақпай, қолдарынан келгенше демеп, шынайы дарынын танытуға мол мүмкіндік тудырды. Жоғарғы оқу орынын бітіріп келген алғашқы актерлердің бірі болғандықтан оған артылған жүкте, салмақта оңай еместі. Осыны жіті түсінген Қарағандыбай да «ұрыста тұрыс жоқ» дегендей, тапсырылған кейіпкерінің ішкі жан дүниесі мен сыртқы болмыс-бітімін сабақтастырып, сан қырлы, боуы қанық, серпіні мықты, толғауы тартымды етіп көрсетуге күш салды. Азын-аулақ уақыттың ішінде-ақ оны әріптестері де мойындап, көрермендер де ыстық ілтипатпен қарсы алды. Әсіресе, жастар жағы Қарғаштың сүбелі ойынын тамашалауға асығып, залға сыймай қалған кездері аз болған жоқ. Расында да бұл асқан дарын иесін мойындаудың асқақ үлгісі болатын. Қарекең оған бәлсініп, масаттанып, кеудемсоқтық танытқан жоқ. Қайта онан бетер жұмыс істеу керектігін түсініп, ойнаған кейіпкерінің иірімдерін тереңдетіп, кесін-келбетіне өң беріп, сан қырынан көрсетуге талпынды. Ол сөз сөйлеу мәнеріне де көп көңіл бөліп, әрбір сөзді қадап, нақтылап, айшықтап, шегелеп берудің де хас шебері-тін. Қарекең рольге дайындалғанда бәрін ұмытып, бар ынты-зарын, зейінін кейіпкеріне аударып, ол ролін пісіп шығармайынша тыным таппайтын. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» демекші, осы тұста театрға тағы бір керім актриса келмесі бар емес пе. Ол болашақ жары, жер жәннаты жетісудың аруы ҚР халық артисі Әсия Бозайқызы Абылаева болатын. Қарекең бұл кезде бірнеше бас кейіпкерді сомдап, ел құлағын елең еткізіп, көрермен қауымның көз қуанышына айналып үлгерген болатын. Осыдан бастап қос өнер шеберінің өмірдегі де, сахнадағы да баянды ғұмырлары бастау алып кеткенді. Қос актерде осы жылдар ішінде тасқа қашап жазған таңбадай мәңгі естен кетпес, көңілден өшпес, небір ғажайып сырға толы, толымды да айшықты, сан қырлы образдар галлереясын жасады. Ерлі-зайыпты болған соң ойнау да, дайындалу да оларға аса қиынға соққан жоқ. Екеуі репетициядан шыққан соң, режиссер ойын онан әрі жетілдіріп, талқылап, тіпті кейде дауласып-даурығып, ұзақ түнге үйде даярлық жасайтын. Олардың алғашқы рольдері Ш.Айтматовтың «Алғашқы мұғалім» драмасындағы Дүйсен мен Алтынай образдары болды. Бір-бірінсіз тұра алмайтын, өмір сүре алмайтын екі жастың шынайы махаббатын қос дарын иесі сүбелі де қабырғалы, қомақты да таңқаларлықтай дәрежеде ойнады. Осы образдарының арқасында қос актер республикалық театр фестивалінде мақтау-мадақтауға ие болып, лауреат атағын жеңіп алды. Қарғаш аға сахна төрінде бір-біріне қарама-қайшы бірнеше образдарды сомдап, өз өресінің биіктігін, тереңдігін, талғампаздығы мен жан дүниесінің молдығын, қарым-қабілетінің күштілігін мойындата алды. Ясон, Амангелді, Матай, Көтібар, Оразқұл, Шыңғыс, Бедел, Қодар, Абылай, Қамен т.б. жүздеген образдары азулы актердің асқақ таланты мен туа біткен дарынын асқақтатып, театр білгірлерінің айызын қандырып, тұщымды пікір, жақсы сөз айтуға мәжбүрледі. – Қарғаштың кез келген образын қарап отырып, оның шын дарын иесі екендігіне көз жеткізесіз. Актерде фальш, жалған мизансцена, жасандылық жоқ. Шынайы, нанымды, образдары тереңдігімен құнды, - дегенді белгілі театр сыншысы Бағыбек Құндақбаев. Айтса айтқандай-ақ, өзіміз де Қарағаш ағамызбен көптеген қойылымдарда бірге ойнап, әріптес болып жүргенде ол кісінің қас шебер, шын талант иесі, қайталанбас алып тұлға екендігіне көз жеткіздік. Ол кісі көлгірсіп, өтірік сөйлеуді білмейтін, жаны шындыққа жақынды және театрға жаңа келген жастарға қолынан келгенше қолдау көрсетіп, арқасынан қағып, керек болса сілкіп-сілкіп алып, дұрыс жол меңзейтін. Талай жыл гастрольдік сапар кезінде бригада басқарып, өзі басшылық жасаған ұжымды тек үнемі алғы саптан көрсетуге тырысатын. Ол театр ғана емес бірнеше фильмге түскен кино актер ретінде де халыққа танымал жан. Атап айтқанда «Көксеректегі» қойшы Хасен, «Ақан серідегі» Ақан, «Сайтан көпірдегі» бастық т.б. бейнелері естен кетпес ғажап кейіпкерлер. Өкінішке орай, «Ақан сері» фильмі ерте уақытта түсірілгенімен, кейбір саясаткерлердің кеселінен 25 жыл өткен соң ғана көрерменге жолдама тартты. Осы бас кейіпкерді ойнап жүргенінде дүниеге Ақан атты ақмаңдайлы, қошқардай ұлы жарық дүние есігін ашып, белгілі кино-режиссер Болат Мансұров баласына үкілеп Ақан деп атын қойған. Сол Ақаны бүгінде елімізге ғана емес күллі әлемге аты танымал кино-режиссер атанып отыр. Қалай десек те қос бірдей тума таланттар, асқан дарын иелерінің шаңырағында, екі бірдей халық артисінің тәлім-тәрбиесін алған Ақанның да танымал болмауы да еш мүмкін еместі. Тағы бір себебі, ол жастайынан Сәкен театрының көптеген қойылымдарын көріп, өзі де әке-шешесімен гастрольдік сапарға ілесе шығып, Д.Исабековтің «Әпке» қойылымындағы бала Ермекті ойнауы да оның талантының ашылуына сеп болды деп ойлаймын. Оның түсірген «Жаужүрек Мыңбала», «Ағайындылар», «Рэкеттер», «Ликвидатор» т.б. сынды фильмдерін көріп, таңқалып, тамсанбаған көрермен некен-саяқ қана болар.

Бүгін біздің театр қандай да бір жетістікке жетіп, өзге ұжымдардан қара үзіп шығып жатса, сөз жоқ оған Қарғаш ағаның да еңбегі зор деуіміз керек. Себебі, Қарекеңнен тәлім-тірбие алған ізбасар іні-қарындастары театрдың отын әлі маздатып жүргені ақиқат. Қарғаш аға актер ғана емес режиссер ретінде де бірқатар еңбек сіңірді. Соноу 1975-90 жылдары қойған «Қызыл сұңқарлар» драмасы халықаралық фестивальде жүлде алып, қоюшы режиссері Қ.Сатаев фестивальде «Ең үздік режиссер» номинациясын жеңіп алғанды. «Ай тұтылған түн», «Махаббат бар ма?», «Қайын ене мен келін», «Алтыатар», «Қарагөз» сынды қомақты дүниелерді де сахналап, көрермендер тарапынан әділ бағасын алған болатын.

Әрине, абыздай өнер тарланын біз ешқашанда есімізден шығармаймыз. Облыс басшылары алдағы уақытта Қарекең сынды дарын иесіне көшенің, болмаса мектептің атын беріп жатса нұр үстіне нұр болар еді. Мұндай тума талантты, асқан дарын иесін ешуақыт та қаперден шығаруға болмайды және екінің біріне ҚР халық артисі деген құрметті атақ беріле бермейді. Сондай-ақ, алдағы уақытта өтетін театр фестивалін Қарекеңе бағыштаса, бір номинацияны осы кісінің атына тағайындаса аруағы риза болған болар еді.

Сөз соңында арқаның азулы хас шеберінің бірі саналған Қарғаш ағамыздың: - жатқан жері жәннаттың төрі, топырағы торқа болсын, - деміз.

                                                                                     Сламбек Жұмағали, режисер,

                                                                                ҚР Мәдениет қайраткері.