Арқаның алдаспандай ақтаңгер актері

/ҚР еңбек сіңірген артисі Рамазан Баймағанбетовтің қайтыс болғанына 5 жыл/

Өмірге келу барда кету бар. Бұл табиғаттың бұлжымас заңы. Ендеше, тіршілікте адам баласы бір-біріне қол үшін беріп, жақсылық жасап, өшпес із, мол мұра, ел аузында қалар игілікті іс істенеге не жетсін!? Осындай азаматтардың бірі қазақ өнерінде ойып тұрып орын алған хас талант, өзін мойындатқан, өрелі өнерімен дүйім жұртты тәнті еткен ҚР еңбек сіңірген артисі Рамазан Рымбекұлы Баймағанбетов десек әбден сыйымды. Себебі, ол ерекше жаратылған шын дарын иесі, сахнаның сәні, домбыраның құлағында ойнаған керім әнші, халқының қалаулысы, үлкен жүректі азамат. Иә, абзал ағамыздың арамыздан кеткеніне де 5 жыл уақыт болыпты. 5 жылдың ішінде кімдер келіп, кімдер кетпеді!? Сәкен театры осы 5 жылдың ішінде 5 маусымын Рамазан сынды дарабозынсыз ашып, онсыз театр фестивальдеріне қатысып, күнделікті күйбең тіршілігін жалғастырып жатыр.

Алайда Рекеңнің жоқтығы бәрібір сезіліп тұрады. Бұл дұрыс «тірі адам тіршілін жасайды» деген. Алайда өз басым кейде «театрдың киесі Рамазанмен бірге кетіп қалды ма» деп қорқамын. Рамазан өлген соң ұсақ-түйек әңгіме көбейіп, «мылқауларға тіл бітіп, кереңдердің құлағы ашылғандай» ұсақталып кеткендей болып көрінеді маған. Рекең барда мұның бірін байқамайтын едік. Маңғаз, салмақты, әр дүниеге байыппен қарайтын. Рамазан ағамыз сонысымен мықты екеніне бүгін көз жеткізіп отырмыз. Ол көп сөйлемейтін, бәріміз оның қабағына қарайтынбыз. Театрдың игі-жақсыларын қасына жиып, жастарды жақсылыққа баулыды. Біздің Рамазанды ұмыта алмайтынымыз да сондықтан болса керек. Жүзіміз жиналып ол бола алмайтынымызды да сеземіз. Шіркін, Рекеңдер кең, тау тұлға, шын жүйірік еді ғой. Сахнаға шыққанда құлпырып, жайнап, өзгеріп сала беретін. Неткен кеңдік, неткен өнер, неткен талант десеңізші?! Бір кейіпкері екінші кейіпкеріне мүлде ұқсамайтын. Ол арнайы оқу бітірмегенімен сахна заңдылықтарын жетік меңгерген, әрі кейіпкері құрыш болаттай берік, сан алуан мінезді, сөз саптауы ерек, қимыл-әрекеті бөлек, шынайы да нанымды. Рекеңнің осындай өрелі ойынын көріп, таң-тамаша қалып оған «тірі Қуанышбаев» деген теңеу таңып едім. Сол сөзімді халықта қолдап, оны мойындады, талантына бас иді. Ондай актер біздің өңір түгілі республикамызда жоқтың қасы десе болады. Айыбы «ауылдағының аузы сасық» дегендей, ел секілді киноға да түсе алмады, Алматы театрлары жұмысқа шақырғанда да бармай қойды. Бәлкім алматыға барып аты шулы театрлардың бірінде қызмет істеп, киноға түссе /ұсақ рольдерге түскен бір-екі киносы бар. С.Ж./ елдің бәрі танып-білген де болар еді. Дей тұрсақ та талай республикалық фестивальдекрге қатысты, оны өнер саласында жүрген азаматтардың бәрі таныды және шоқтығының биік екендігіне көз жеткізді. Рамазанның өзгеден артықшылығы қазақы болмысында, табиғилығында, ана сүтімен бойына сіңген асқан дарындылығында және қара домбыраны қолына ұстап, көсілте ән салуында. Өкінішке орай, мақтап жүрген атақты артистеріміздің басым көпшілігі домбыра ұстамақ түгілі «әу» де демейді. Оның үстіне Рекеңнің репертуарындағы сирек орындалатын Естай, Иманжүсіп, Мұқағали, Қасым мен Мәдидің әндері болатын. Оның тағы бір ерекшелігі домбыра қағысы мен әннің ішіне дендей еніп, бар жан-тәнімен орындауында-тын. Дауысы да ешкімге ұқсамайтын өзгеше, құлаққа жағымды бабасы Қаздауысты Қазыбектікіндей қоңыр қаздың дауысындайды. Тағы бір ерекшелігі баян, пианиномен де қосылып ән сала беретін. Гастрольдік сапармен басқа аймақтарды аралап жүрген кезімізде ел-жұрт оның әндерін ұйып тыңдап, ұзақ таңға айттырып қоятын. Рекең де маңдайынан шып-шып шыққан ащы терді саусақтарымен сылып тастап, ешбір қабақ шытпастан құлпырта ән салатын. Осының өзінен-ақ Рекеңнің қарапайымдылығын, халыққа деген құрметін, кішіпейілділігі мен инаббатылығын аңғарамыз. Кейде ойлаймын, егер ол актер болмай әнші болса ол салада да елден оқ бойы оза шабар еді деп. Оған бәрін құдай үйіп-төгіп бере салған. Ол айтып жүрген әндерді небір керемет әншілер дәл сондай дәрежеде орындай да алмайтынына бек сенімдімін.

Рамазанның өнерде жолы болды да, болмады да деуге болады. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, шын талантты уақытында бағалап, құрмет көрсеткенге не жетсін! Оның сахнада жолы болды дейтініміз ойнамаған ролі, бағындырмаған биігі жоқ. Соноу аты-шулы шет елдік драматургтер Шекспир, Мольер, Гольдоний, орыс драматургтері Гоголь, Чехов, қырғыз Айтматов, Баджиев, гүржі Иоселиани, қазақ классиктері Әуезов, Мүсірепов, Сейфуллин, Майлин және Ә.Әбішев, Т.Ахтанов, Д.Исабеков, С.Балғабаев, Б.Мұқай, Т.Нұрмағанбетов т.б. шығармаларында бас кейіпкерлерді ойнап, құйрық-жалы төгілген образдар галлереясын жасады. Атап айтқанда Қарабай, Бостон, Агабо, Хазин, Абдолла, Жараспай, Құрышбек, Өсербай, Мәди, Алшынбай, Көтібар, Матай, Есеней, Жаппас, Панфилов т.б. бейнелері театр тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Бұның бірі әккі қу болса, енді бірі ел қорғаны, халық қамқоршысы, тағы бірі бет қаратпас батыр, тау тұлға, қайсібірі сөзге шешен, ел бастайтын көсем дәрежесіндегі бейнелер. Олардың әр қайсысын сан бояуға малшындырып, қимыл-әрекетін келістіре, жер-жебіріне жеткізе ойнау еріккеннің ермегі еместігі бесенеден белгілі. Міне, осы кейіпкерлерді ойнағанда ол ерекше тебіреніс, талғам-толғаныспен, шынайы да аса жауапкершілікпен келді. Оның дикциясы мен артикулияциясы да, сөздері де анық болатын. Әрбір сөзді шегелеп, жүрекке жеткізетіндей зор талғам, асқан шеберлікпен беретін. Оның бойында жасандылық, жалғандық, немкеттілік секілді қасиеттер болған емес. Әз басында «мен керемет актермін» деген кеудемсоқтық, пасықтық, мақтаншақтық сынды қасиеттер болған емен. Кейіпкерін қалай түсінсе, солай ойнап беретін. Оның арнайы мектеп бітірмегенін өрелі ойынына қарап ел-жұрт аңдамай да қалатын. Ол халық мектебінің түлегі -  Серке, Қаллеки, Мұздекең, Елекеңдердің жалғасы. Табиғат сыйға тартқан дарыны мен бойға біткен режиссуралық сезімі оны ақ жолынан адастырмай сахнадан еркін алып шығатын. Режиссура демекші, ол бұл мамандықты да оқымаған. Бірақ режисер ретінде К.Жұмабековтің «Қаздауысты Қазыбек», Е.Балташұлы мен С.Жұмағалидің «Сұрасаң Мәди еді менің атым», С.Балғабаевтың «Ғашықтар болмайтын ғасыр», Т.Әлжантегінің «Періштелер жерде ғұмыр кешпейді», М.Шахановтың «Танакөз», С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі», Т.Нұрмағанбетовтің «Табалдырығыңа табын», И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», Ш.Ыдырысұлының «Ағнұр», Ә.Әмзиевтің «Қара кемпір» т.б. секілді дүниелерін сахналады. Өзі де жаңа қырынан танылып, режиссерлік қасиеттен де кенде еместігін аңдатып және бірнеше жас актерлерді ашып, жол сілтеді. Бүгінде со Рекеңнің шекпенінен шыққан қыз-жігіттер басты кейіпкерлерді ойнап, көрермен көзайымына айналып жүр. Өнер десе өлермен ағамыз режжиссер Жақып Омаровтың шақыруымен Астанаға барып төрт-бес жыл еңбек етіп, өзінің бет пердесін ашып, алғаш қадамын бастаған қара шаңырағына қайтып оралды. Ол үшін біз қиын-қыстау кезеңде театрды тастап кетті деп ренжімей, дұрыс қабылдауымыз керек. Сол тұста Сәкен театры жөндеу жұмысына орай жабылып, театр артитстері пұшайман халге душар болғанды. Баспанасы жоқ болғандықтан Қар МУ-дің «Студенттер сарайын» паналап, «тасбақаша» өмір сүруін бастан кешкен. Шын мәнінде режиссерден де ада болатынбыз. Шын талантқа үлкен сахна, халық пен жақсы режиссер керек болатын. Міне, Рекеңнің кетуіне осы дүниелер себеп болғанды.

Ал өнерде бір жағынан «жолы болмады» дейтініміз, өз театры оған өгейсіп қарап, еңбегін бағаламады. 1986 жылы қазақ театрының тарихында тұңғыш рет облыстардың ішінен біздің театр оза шығып С.Жүнісовтің «Өліара» драмасымен Мемлекеттік сыйлықты иеленді. Бұл қойылымдағы бас кейіпкердің бірі Матай байды Қ.Сатаев пен Р.Баймағанбетов екеуі сомдады. Бұл образ Рамазанның орындауында шын мәнісінде қалауы берік, толғамы терең, айшықты, қомақты, келісті, толысты дүние ретінде есте қалғанымен Р.Баймағанбетовке сыйлық бұйырмады. «Жағымсыз кейіпкерге Мемлекеттік сыйлық берілмейді» деген желеумен тіпті ұсынылмай қалды. Елдің көңілінен шығып, талай-талай бас кейіпкерді сомдаған асқан талант иесі қатарластарының соңында қала берді. Ол дымын ішіне тартып, жұмысын істеп, образдарын бірінен кейін бірін кесек-кесек етіп шығара берді, тіс те жармады. Пысықтар атақты да абыройды да жинай берді. Сұңғыла актер Астанаға ауысқаннан кейін ғана ҚР еңбек сіңірген артисі деген құрметті атаққа Жақып ағамыздың арқасында қол жеткізді. Қайтып оралған соң да Рекеңнің қойған дүниелері шет қақпайлана берді. Бірде бір дүниесі республикалық, тіпті аймақтық фестивальдерге қатыспады. Тек біздің айтуымыз және ұсынысымыз бойынша 2008 жылы Көкшетау да өткен аймақтық фестивальге Ш.Ыдырысұлының «Ағнұр» драмасы қатысып қайтты. Рекеңнің театрдан алған жалғыз сыйлығы 2008 жылы облыс әкімінің тағайындаған «Жылдың үздік режиссері» номинациясы. Міне, біз шын талант пен нағыз дарын иесін қалай бағалайтындығымыз. Тіршілікте көрсетпеген құрмет пен атақтың кімге, неменеге керегі бар?!

Рамазан ерекше жаратылған жан. Ондай актер, өнер тарланы ғасырда бірақ рет туылуы мүмкін. Ол ұжым арасында зор бедел мен құрметке ие болды. Театрдың үлкен-кішісі бірдей төрден орын беріп «Дед Рома» дейтін.

Бүгінде Рамазандай актерін, өнер тарланын, хас талантын, шынайы дарын иесін әріптестері сағынышпен еске алады. Қарапайым, кеудесі кең, жаны жомарт, досына адал, кішіге ақылман аға, бойжеткендерге қорған, жолдасқа шын серік, театрдың бетке ұстары бола білді. Әріптестеріне аса илтипатпен қарап, құрмет тұтатын. Актер деген үлкен мамандықты абыроймен атқарып, көпшілік қауымның Рамазанына айналды. Осындай алып тұлғасын елі де әріптестері де ұмытпақ емес. Ол туралы жазылып та көгілдір экраннан айтылып та жатыр. Ендігі басты шара Рамазан ағамыз тұрған үйге белгі қойып, облыс орталығындағы бір көшенің атын беру және өтіп жатқан театр фестивальдерінде Рамазан Баймағанбетов атындағы жүлде тағайындау керек.

Сондай-ақ, осыдан бірнеше жыл бұрын Егіндібұлақ ауданына Рамазан Баймағанбетовтің қойған «Қаздауысты Қазыбек» драмасын апарғанымызда аудан-ауыл басшылары Айнабұлаққа барар жолдағы бұлаққа «Рамазан бұлағы» деген атау берген еді. Театр ұжымы бір-біріне құтты болсын айтысып, шашу шашып қуанысып қалған едік. Бірақ ол заңдастырылмағантын, ауызша айтылып, аяғы құрдымға кеткенді. Енді соны ел болып қолға алып «Балқантау» ауылының әкімі Ғ.Смағұлов мырза жергілікті жұртпен жиын өткізіп нақтылап берсе нұр үстіне нұр болған болар еді. Өйткені, абзал ағамыз сол жерде тұрып, сол жерде аунап-қуанап есейіп, мектеп бітірген. Айнабұлақ елді-мекеніндегі мектепке де Рекеңнің атын берсе көптік етпесі белгілі. Себебі, сол ауылдан қанат қаққандардың ішіндегі мықтысы да, асылы да біздің Рекең екені риясыз шындық. Ал театр ұжымы бір ай бойы Рекеңнің қойған дүниелерін Қарағанды жұртшылығына ұсынса құба-құп, бұл да өнер саңлағына көрсетілген құрмет ретінде ел есінде қалар еді. Тамаша актер, қайталанбас қабылан, сахнаның сардары Рамазан Баймағанбетовке бағышталған кітапқа демеуші болмағандықтан шықпай жатқанына 2 жылдан асып барады. Бұны да ескерген абзал.

Сөз соңында айтарымыз халқының зор құрметіне бөленген Рекең сынды азаматымызды қаперімізден шығармайық дегім келеді. Мұндай дарын иелері некен-саяқ қана. – Жатқан жерің жәннаттың төрі болсын абыз аға, адал дос, алып қорған, ұлағатты тәлімгер ұстаз, өнер саңлағы, дарабоз талант, қайталанбас сахна иесі – дейміз.

                                                                                   Сламбек Жұмағали, шәкірті,

                                                                       ҚР Мәдениет қайраткері, режиссер.