Гордость театра

Театр ардагерлері

Театрдың негізгі күші актерлер. Қарағанды театрының актерлер ансамблі қай кезеңде болмасын талантымен ерекшеленеді. Біздің театрда қанаттанған театр өнерінің асқақ шынарлары Қазақстанның халық артистері Рахия Қойшыбаева, Әйкен Мұсабекова, Қарағандыбай Сатаев, Әсия Абылаева, Жұмабай Медетбаев және Қазақстанның еңбек сіңірген артистері М.Әбдікарімов, Ә.Шәймерденов, А.Ыбыраев, Т.Жабаев, Б.Имашева, З.Көшкінбаев, З.Жакупов, Қ.Әлімбаева, Ө.Асылбеков, Т.Қосыбаева, Р.Баймағанбетов, Қ.Әмір-Темір, Ш.Жүнісов, Р.Омарханова және талантты актер, іздемпаз кино режиссері Амангелді Тәжібаевтар қазақ өнерінің қайталанбас жамбоздары.

 

Шашкина Жәмила Нұрмағамбетқызы ( 1914 – 2009жж )

Қазақ ССР – нің халық артисі

Президент степендиясының иегері.

Қарағанды қаласының құрметті азаматы

1932 жылы алғашқылардың бірі болып қазіргі С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының шаңырағын көтерісті. 1935 – 36 жж Москвада мемлекеттік театр институтының /ГИТИС/ қазақ бөлімінде оқыды. 1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан Соғысы кезінде тылда еңбек етті.

Жәмила Шашкина жүзден астам рөлдерді сомдады. Тұңғыш рөлі – А.Шаниннің «Көмір майданы» пьесасындағы шахтер қызы Гүлсімнің бейнесі. Атап айтқанда Ә.Әбішев «Достық пен махаббат» - Сәуле, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» - Баян Сұлу, «Ақан сері – Ақтоқтыда» – Ақтоқты, М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек» - Еңлік, М.Әуезовтің «Қарагөз» - Маржан, С.Жүнісовтың «Ажар мен ажал»– Ажар, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат» - Бәтес, З.Шашкиннің «Ақын жүрегі» - Шәрбан, Б.Тәжібаевтің «Ана жүрегі» - Ана, Лопе де Веганың «Шөп қорыған ит» - Графиня, А.Афиногеновтің «Ана жүрегі» - К.И.Лагутина, М.Әуезовтің «Қара Қыпшақ Қабыланды» - Қарлыға, Ш.Айтматовтың «Ана – Жер – Ана » - Толғанай, Еврипидтің «Медея» - Сүтана тағы басқа да рөлдері қазақ театр тарихында өзіндік қолтаңбасымен орын алды.

«Еңбек Қызыл Ту» орденімен және «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталды.

ҚазССР – нің Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және Мәдениет министрлігінің үздік белгісімен марапатталды.

Жәмила Шашкина бірнеше мәрте Қарағанды қалалық және облыстық кеңесінің депутаты болып сайланды.

 

Зейнел Көшкімбаев ( 1911 – 1956 ж.ж. )

Қазақ ССР – нің еңбек сіңірген артисі.

Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрының алғашқы ірге тасын қалаушылардың бірі, талантты актер, қазақ театр өнерінің майталманы. Еңбек жолын 1929 жылдың жазында Қарағандыға келіп, екінші шахтаға жұмысқа түседі. 1932 жылы комсомол ұйымы арнайы жолдамамен жұмысшы жастар театрына /ТРАМ/ жібереді. Талантты актер, табиғи дарын иесі Зейнел Көшкімбаев аты аңызға айналған қазақ батырлары Амангелді Иманов /Ғ.Мүсірепов «Амангелді»/, Чапаев/ Д. Фурманов  «Бүліншілік»/, Ер Тарғын /Е.Брусиловский «Ер Тарғын»/ бейнелерін ерекше шабытпен сомдады. Ә.Әбішев «Намыс гвардиясы» - драмасындағы генерал Панфилов, М.Әуезовтің «Айман – Шолпан» комедиясындағы Көтібар батыр, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» трагедиясындағы Бекежан, М.Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы Құнанбай сынды ірі тұғалардың образдары биік дәрежеде сомдалған кейіпкерлер. Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» Қарабайы, Н.Гогольдің «Ревизор» комедиясындағы Дуанбасы бейнелері шоқтығы биік, бояуы қонық, актердің нағыз талантын танытқан кейіпкерлер болып театр тарихында қалды.

 

Мұздыбек Әбдікаримов (1914-1974 ж.ж.)

Қазақ ССР – нің еңбек сіңірген артисі

Жасынан өнер десе ішкен асын жерге қоятын Шашубай, Манарбек пен Абайдың әндерін естіп, үйреніп, халық творчествасын жақсы меңгеріп, бала жасында «Еңлік – Кебек», «Қалқаман – Мамыр» эпостық ұзақ жырларды жаттаған. 1927 жылы Алматыда құрылысшылар даярлайтын училищиде оқып, бір жыл Түрксіб темір жолында еңбек етеді. 1930 жылдан бастап Балхаш көлі маңындағы «Қызыл Октябрь» деген балықшы пунктінде балықшы болып жүргенде, оның өнерін байқаған азаматтар «Жұмысшылар клубына» шақырады., ондағы «Домбыра – ән самалы» атты үйірмеге білікті режиссерлер Асқар Тоқпанов пен Тәңірберген Бүтінбаевтар басшылық жасайды.

1936 жылы Қарағанды облыс болып құрылған соң, қаладан режиссер Гатаулин жетпіс адамнан жеті адамды таңдап, оларды Қарағандыға алып келеді. Міне содан кейін театрға келгендегі ең алғашқы рөлі Ғ.Мүсіреповтің «Амангелді» пьесасындағы Итбай болыстың образы болатын. Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» музыкалы драмасында Шегенің бейнесін тамаша сомдады. Қырық жылдан астам уақыт аралығында екі жүзге таяу рөлдерде ойнаған дарынды да, дарабоз актер.

Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясында Жантықты, Қарабайды, «Еңлік – Кебек» трагедиясында Жапалды, Б.Майлиннің «Шұға» дарамасында Қайрақбайды, З.Жакупов пен Ж.Сәрсековтің «Зәуреш» трагедиясындағы Ақылбайды, Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен Махаббат» драмасындағы музыкант Миллерді, К. Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» комедиясындағы Бригелланы шеберлікпен ойнаған.

Мұздыбек Әбдікәрімов – ауқымы кең, жаны таза дарынды әнші – актер болатын.

Арқа әндерін әсіресе Естай, Ақансері, Біржансал, Абай әндерін ерекше сүйіспеншілікпен орындайтын.

 

Әнуар Шаймерденов (1914 – 1996ж.ж.)

Қазақ ССР – нің еңбек  сіңірген артисі.

1934 жылы қазіргі Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрына актер болып орналасады. Театрда қырық жылдан астам еңбек етіп, талантымен танылған актер, алғашқы құрушылардың бірі. Өмірінің соңғы күндеріне дейін театрдан қол үзген жоқ, 1990 жылдарға дейін еңбек етті. Әнуар Шаймерденовтың нағыз өнер саңлағы екенін дәлелдеп танытқан бейнелері: М.Әуезовтың «Айман – Шолпан» комедиясындағы Жарас, Ғ.Мүсіреповтың «Амангелді», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» трагедияларындағы Байқадам мен Жантық, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясындағы дана Абыз, Н.Гогольдің «Ревизор» комедиясындағы Хлестаков, Ш.Құсайыновтың «Алдар Көсе» комедиясындағы Алдар, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» драмасындағы Гасфорт бейнелері Әнуар Шәймерденовтың өзіне ғана тән, өзіндік шеберліктің нақышты бояуларымен театр тарихында қалды. А.Шәймерденов тәлімгер – ұстаз актер болатын. Жылдар бойы жинаған шеберлігін ізбасарларына, жас актерлерге үйретуден, оқытудан шаршамайтын. Көптеген шәкірттері бүгінгі таңда ағаларының ізін жалғастыруда.

 

Ағдарбек Ыбыраев (1914-1979 ж.ж.)

Қазақ ССР – нің еңбек сіңірген артисі

1939 жылы Алматының мемлекеттік театр училищесін бітіріп келген алғашқы арнайы оқу бітіріп келген таланттардың бірі. Театрда елу жылға таяу еңбек етіп, бойына біткен дарындылығы арқасында екі жүзден астам образдарды сомдаған. М.Әуезовтың «Абай» трагедиясындағы Абай «Айман - Шолпан» комедиясындағы – Көтібар батыр, «Еңлік -Кебек» трагедиясындағы Есен, «Түнгі Сарын» драмасындағы – Құдыш, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» музыкалық драмасындағы – Бекежан, З.Жакупов пен Ж.Сәрсековтың «Зәуреш» трагедиясындағы Қарасай, Ж.Хусаиновтың «Сертке Серт» драмасындағы – Коновалов, Н.Гогольдің «Ревизор» - комедиясындағы Дуанбасы, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат» драмасындағы – Әбутәліп, «Ботагөз» драмасындағы – Амантай образдары талантты актердың үлкен ізденістерінің нәтижесі. Ұйымдастыру қабілетінің арқасында көп жылдар бойы театрымыздың партия, кәсіподақ ұйымдарын басқарды. Ағдарбек Ыбыраев ағамыздың өмір жолы бүгінгі ұрпақ үшін үлгі – өнеге болып қалады. 

 

Торша Жабаев (1914-1998 ж.ж.)

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі

Сәкен театрында жарты ғасырдан астам, 1980 жылдардың аяғына дейін театрымызда  еңбек еткен. 1936 жылдан актерлік ұжымға кіріп, творчествалық жолын бастаған. Сарыарқа өңірінің бір бөлігі Ақмола облысы, Ақмола ауданына қарасты Сарыкөл ауылында дүниеге келген.

Тұсау кесер алғашқы ойнаған рөлі Ғ.Мүсіреповтің «Амангелді» спектакліндегі Тымақбай бейнесі болды. Іздемпаз еңбекқорлығының арқасында біртіндеп бас кейіпкер бейнесін сомдауға қол жеткізді. Т.Жабаевқа тән кішіпейілділік, адамгершілік, үлкенді сыйлай білу, кішіге аға болу адами қасиеті болатын. Талантын шыңдау үшін аянбай еңбек ететін. Б.Майлиннің «Шұға», «Талтаңбайдың тәртібі», М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Шекарада», Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібек» пьесаларына қатысып, жүзден аса рөлдерде ойнаған.

Н.Гогольдің «Ревизор» комедиясындағы - Осипты, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясындағы - Көбей би мен Жапалды, «Абай» трагедиясындағы - Баймағамбетті, С.Мұқановтың «Шоқан Уалиханов» драмасындағы  - Малтабарды, «Ботакөз» драмасындағы  - Қожантайды, М.Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыланды» трагедиясындағы- Қараманды, Ш.Құсайыновтың «Алдар Көсе» комедиясындағы  Шығайбайды, Ж.Сәрсеков пен З.Жакуповтың «Балдыздар мен бажалар» - Сасықбайды, М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн» трагедиясындағы - Ақсақалды, «Ромео мен Джульетта» - Аптекарьды, Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері–Ақтоқты» трагедиясындағы - Қоңқай бейнелерін асқан шеберлікпен сомдады.

Торша Жабаев бірнеше фильмдерге түскен кино-актер. «Нан мен тұз», «Қайта оралған ұл» Қара шал бейнесін сомдаған болатын.

Републикамыздың еңбек сіңірген артисі, екі мәрте Жоғарғы Кеңестің «Құрмет» грамотасына ие болды, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медальдарымен марапатталды.

 

Зейнолла Жакупов (1916-1984 ж.ж.)

Қазақ ССР – нің еңбек сіңірген артисі

Өмірінің ұзақ жылдарын театр ұжымының өнер шеберлігін арттыруға арнады. Ұлттық өнеріміздің өркендеуіне қыруар еңбек сіңірген. 1939 жылы Алматы мемлекеттік театр училищесін бітіріп, шығармашылық өнер жолы басталады. Сол жылы Қарағанды қазақ драма театрының директорының орынбасары, ассистент режиссер, актер ретінде өзін көпшілікке таныта білді. Зейнолла Жакупов біршама басты рөлдерде М.Әуезовтың «Еңлік - Кебек» трагедиясында Еспенбет, «Қара қыпшақ Қобыланды» трагедиясында Көбікті батыр, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек » музыкалық драмасында Базарбай, «Ер Тарғын» трагедиясында Қожақ, М.Әуезов пен М.Әбішевтің «Намыс Гвардиясы» драмасында Бауыржан, Ш.Құсайыновтың «Алдар Көсе» комедиясында Шораяқ бейнелерін шеберлікпен сомдаған болатын.

Ж.Сәрсекеевпен бірігіп драматург ретінде «Зәуреш» пьесасын, «Бажалар мен балдыздар», «Сырластар», «Жүрек жырлары» деген шығармалар жазды. Зейнолла Жакуповтың Қарағанды қалалық облыстық комитет мүшелігіне, қала, облыстық Советтің депутаттығына сайланды. З.Жакупов режиссер ретінде дайындаған З.Ақышевтің «Келіндер», Н.Фаизидің «Ғалия – Бану», Ш.Құсайыновтың «Есірткен ерке» қойылымдары кезінде көрермендерден жақсы баға алды.

1954 – 1981 жылдар аралығында Халықтар достығы орденді С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында директор болып қызмет атқарды.

 

 

Әйкен Мұсабекова (1919-1992 ж.ж.)

1985 ж. Қазақстанның Халық артисі

«Құрмет белгісі» ордені иегері 

 Қарағанды қаласында туған, әнші. 1936-1937 ж.ж  Мәскеу консерваториясының Қазақ опера студиясында оқыды. 1937-1955ж.ж. Қарағанды облыстық драма театр құрамында қызмет етті.

Алғашқы ойнаған рөлі М. Әуезовтың «Түнгі сарын» драмасындағы Маржан бейнесі.

1956 жылдан бастап Қазақ академиялық драма театр құрамында актриса болып жұмыс істеді. 1958 жылы киноға түскен.

 

 

Мүлік Сүртібаев(1917-1997ж.ж) ҚазақССР-нің  халық артисі

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

1934 жылы жұмысшы-жастар /ТРАМ/ театрына бір топ талантты жастар келіп қосылды.Солардың ішіндегі алғаш біздің театрымыздың ірге тасын қалаушылардың бірі Мүлік Сүртібаев,өмірлік серігі  Қазақстанның халық әртисі Әйкен Мұсабековалар еді. 1954 жылдан бастап М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында еңбек етті.Алғашқы еңбек еткен жылдары Мүлік Сүртібаев орыс,шет ел және қазақ классикалық шығармаларында бірнеше айшықты бейнелер жасады.

Н.Гогольдің «Ревизор» комедиясындағы Хлестаковты, К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» комедиясындағы Труфальдиноны, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» трагедиясындағы  Қозыны, М.Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы  Абайды, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» музыкалық драмасындағы Төлеген бейнелерін сомдады. Мүлік Сүртібаев кино өнерінде де табысты еңбек етті. «Ән қанатында», «Қыз бен жігіт», «Біздің сүйікті дәрігер», «Ботагөз» фильмдерінде ойнады.

Мүлік Сүртібаев-театр өнерінің шоқтығы биік, дарынды актері болып ел есінде қалады.

 

Мұқан Бектенов (1913 – 1951 ж.ж)

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі

Театр құрылған күнінен бастап, еңбек еткен нағыз тума талант иесі. Арнайы кәсіби оқуы болмаса да зеректілігінің, іздемпаздылығының арқасында сахнада жасындай жарқырап шыға келді. Батрыға тән дене бітімі, гүрілдеген дауысы, дикциясының анықтығы көптеген актерлерге үлгі болатындай еді. Сахнада Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын» музыкалық драмасындағы Тарғынды, А.Шаниннің «Арқалық батыр» драмасындағы Арқалық батырды, М.Әуезовтың «Еңлік - Кебек» трагедиясындағы Есенді, «Қарақыпшақ Қобыланды» Қазанды аса шеберлкіпен ойнаған асқан дарын иесі.

 

Асылбеков Өмірзақ

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі

Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрына Алматының Құрманғазы атындағы консерваторияның әншілік факультетінде оқып жүріп, ауысып келді. Театрда алғаш келгеннен бастап, әншілік талантының басымдылығының арқасында музыкалық спектакльдерде бас кейіпкерлерді бірден меңгеріп кетті. Қазақ театры тарихында өзіндік қолтаңбасымен ерекеше айшықталып, сомдаған бейнелері Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек » музыкалық драмасында – Төлеген, М.Әуезовтың «Айман – Шолпан» комедиясында – Әлібек, М.Әуезовтың «Еңлік – Кебек» трагедиясында – Кебек, Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын» музыкалық драмасында – Ер Тарғын, У.Ғаджибековтің «Аршын мал – алан » музыкалық драмасында – Аршын, Б.Майлиннің «Шұға» драмасында – Айдын образдарын халықтың жадында мәңгілік өшпестей болып сақталып қалды. Өмірзақ Асылбеков «Қазақфильм» киностудиясында бірнеше фильмдерге түскен киноактер. «Нан мен тұз», «Қайта оралған ұл» фильмдеріндегі образдары көрермендерден жоғары баға алған, актердің сәтті ойнаған рөлдері.

Тамаша әншілік орындаушылығының арқасында мәдени іс-шараларға, концерттерге көп қатысатын. Әсіресе Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық-ай» әндерін ерекше шабытпен орындайтын. Қазақ радиосынын алтын қорында хор капелласымен жеке дауыста орындаған әндері сақтаулы.

 

Қайныкен Әлімбаева  (1926-2004ж.ж)

Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі

           Қ.Әлімбаева- Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген.Жастайынан өнерге деген құмарлығы, қаламыздағы Жамбыл атындағы қазақ мектебін тәмамдағаннан кейін, Қарағанды облыстық  филармониясына әншілік қызметке алып келді. Табиғи таланты мен асқан дарындылығының арқасында, ұлттық ән өнерін насихаттау жолында да қыруар еңбек сіңірді. Көптеген әндері інжу-маржандай қастерленіп, еліміздің музыка өнерінің алтын қорында сақталып қалды. Ұлтымыздың ән өнерін асқақтатып, Мәскеуде өткен Әлем жастары мен студенттерінің фестивалінде ән шырқап, топтан оза шығып, лауреат атанып қайтады. 1956 жылдан бері  Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында, зейнеткерлік  демалысқа шыққанша үздіксіз, қажымай-талмай еңбек етті. Қазақ театры тарихында өзіндік қолтаңбасымен ерекше айшықталып, сомдаған бейнелері Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» музыкалық драмасындағы-Жібек, С.Мұқановтың «Шоқан Уалиханов» драмасындағы-Айжан, М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясындағы -Айман, «Майра»-Майра, «Еңлік-Кебек»-Еңлік, Е.Брусиловскийдің «ЕрТарғын» драмасындағы-Дана, У.Гаджибековтің «Аршын мал-аланда» - Гүлшахтра, Б.Майлиннің «Шұға» драмасындағы -Шұға, Н.Файзидің «Ғалия Бану»-Ғалиябануды, Н.Островскийдің «Найзағай» трагедиясындағы -Кабаниха, З.Жакупов пен Ж.Сәрсековтің «Бажалар мен балдыздар»-Рәзия, «Алтын көрсе періште»-Хурниса т.б  халықтың жадында мәңгілік өшпестей болып сақталып қалды.

Қ.Әлімбаева соңынан ерген жас буын өнерпаздардың арқа тұтар ақылшысы, тәлімгер ұстазы, үлкен жүректі, нағыз театр үшін жаралған жан еді. Ұзақ жылдар бойы театр ұжымында  кәсіподақ  комитетінің төрайымы болып еңбек етіп, бірнеше мәрте Бүкілодақтық кәсіподақтар съезіне делегат болып сайланды. Халқына сіңірген зор еңбегі бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды.

Асыл ана, аяулы жар, ұлағатты ұстаз, өнер қайраткері Қайныкен Әлімбаеваның жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталады.